Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болып Бақтияр Жұматайұлы Санбаев тағайындалды. Бұрын ол осы мекемеде басшының орынбасары болып қызмет еткен, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Бақтияр Санбаев 1986 жылы Шет ауданы Ақшатау кентінде дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар: Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін төтенше жағдайларда қорғау, тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау мамандығы бойынша және Орталық Қазақстан академиясын құқықтану мамандығы бойынша бітірген.
2009 жылдан бастап мемлекеттік қызметте. Қарағанды облысының жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей зілзалалардың алдын алу және жоюды ұйымдастыру департаментінде әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарды.
2013 жылдан бастап Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында жұмыс істейді: бас маман, кейін бөлім басшысы, 2020 жылғы маусымнан бастап осы тағайындауға дейін басшының орынбасары қызметін атқарды.