Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға және Мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рыскалиевке, ЖШС директоры Өміртай Адамовқа қатысты қылмыстық іс Атырау облыстық сотының апелляциялық алқасымен қайта қаралды. Сот алқасының шешімімен Рысқалиев пен Адамовқа қатысты сот үкімі өзгертілді, ал Хаменоваға қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Аппеляцияға дейін 2022 жылдың 15 қарашасында бұл шулы іске қатысты сот үкімі шыққан болатын. Сот үкіміне сәйкес, Бақытгүл Хаменова және Облыстық Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиев 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов 4 жылға сотталған.
Артынша, барлығы да Атырау қаласының №2 сотына апелляциялық шағым түсірді.
«Сот алқасының шешімі А.Рыскалиев және У.Адамовқа қатысты сот үкімі өзгертілді, ал Б.Хаменоваға қатысты сот үкімін өзгертуге немесе оның күшін жоюға негіздер болмағандықтан өзгеріссіз қалдырылды.
Апелляциялық сатыдағы сотта зерттелген дәлелдемелермен А.Рысқалиев Б.Хаменоваға бағынышты бола тұра, оның тапсырмасы бойынша пара алуға қол жеткізуге ықпал еткені анықталды.
Сондықтан А.Рысқалиевтің әрекеттері ҚК-тің 366-бабының 3-бөлігінің 2-тармағынан 28-баптың 5-бөлігіне, 366-бабының 3-бөлігінің 2-тармағына пара алуға жәрдемдесу ретінде қайта дәрежеленді.
А.Рысқалиевтің жауапкершілігін едәуір жеңілдететін ерекше жағдайларды ескере отырып (қылмыстық құқық бұзушылықтың ашылуына ықпал етті, қылмыстық құқық бұзушылықтың басқа да қатысушыларын әшкереледі, асырауында 4 жас баласы бар), ҚК-тің 55-бабының 4-бөлігін қолданумен, тағайындалған жаза 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруға төмендетілді.
У.Адамовқа қатысты оның жауапкершілігін едәуір жеңілдететін ерекше жағдайларды ескере отырып (егде жасын (65 жаста) және асырауында төрт және үш кәмелетке толмаған баласы бар 2 кәмелетке толған бала кезінен мүгедек балалардың болуы), ҚК-тің 55-бабының 4-бөлігін қолданумен, тағайындалған жаза 1 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айыруға төмендетілді»,- деп мәлімдеді Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі.
Сотталушылардың барлығы мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Қазақстан Республикасының Президентіне Бақытгүл Хаменованы «Құрмет» орденінен айыру туралы ұсыныс енгізілді.