2023 жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасымен жеңілдетілген несие беру үшін 20 млрд теңге бөлу жоспарланған. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың жауабында айтылған, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Қабылданған 2026 жылға дейін тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымдарды дамыту тұжырымдамасы аясында республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен азаматтарды жалдамалы және кредиттік баспанамен қамтамасыз ету тетігі қарастырылған. Бұл ретте 2023 жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасымен (көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға, 1, 2-топтағы мүгедектігі бар адамдарға, мүгедек баланы тәрибелеп отырған отбасыларға) жеңілдетілген несие беру үшін 20 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр», — деп атап өтеді Үкімет басшысының бірінші орынбасары жауабында.
Оның айтуынша, 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасы (бағдарлама 2022 жылдың 23 қыркүйегіндегі Үкімет қаулысымен күшін жойды) аясында көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту үшін 146 млрд теңге бөлінген. Атап айтқанда, 2019 жылдан бері 23,7 мың көпбалалы отбасы тұрғын үймен, оның ішінде 16 мың отбасы жалдамалы пәтермен, 7,7 мың отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы кредиттік пәтермен қамтамасыз етілді.
«Бұған қоса, биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен жалдамалы тұрғын үйдің жекеменшік нарығындағы жалдау құнын (50 пайыз) субсидиялау мүмкіндігі ұсынылды. Осы жылдың 12 желтоқсанындағы мәліметтерге сәйкес 7,3 млрд теңгенің 8,1 мың өтінімі мақұлданды», — деді Роман Скляр.