Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қазақстандықтарды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Қадірлі отандастар! Баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мейрамның біз үшін мәні айрықша. Өйткені орнықты даму мен барлық жетістіктің бастауында бірлік пен келісім, татулық пен тұрақтылық тұрады, — деді Қошанов.
Мәжіліс төрағасы атап өткендей, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы артпақ. Қай заманда да халқымыз мұны жақсы түсінген.
«Бірлік бар жерде – тірлік бар» деп, тек қана алға ұмтылған. Қазіргі жаңа дәуірде де мемлекетіміздің басты ұстанымы – осы. Халқымыз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төңірегіне топтасып, үлкен өзгерістерге бет бұрды. Біз береке-бірліктің арқасында көздеген мақсат-міндеттеріміздің бәріне қол жеткіземіз, биік белестерді бағындырамыз. Ол жол – жаңару жолы, бірлік пен елдіктің жолы, — деп жазды Ерлан Қошанов құттықтауында.
Мәжіліс спикері барша Қазақстан халқына бақ-береке, қажымас қайрат пен мол табыс тілеп, әр шаңыраққа шаттық, елімізге амандық тіледі.