Сүйінші хабарды «Бақыт» фильмінің продюсері Баян Мақсатқызы мен фильмнің сценариін жазған Әсем Жәпішева бөлісті, деп хабарлайды Arda-ақпарат.
«Сүйінші! Біздің фильм «Алтын глобус» марапаттар тізіміне енді. Жобаның бір бөлігі болғаныма қуаныштымын және ризамын. Тамаша команда мен фильмнің фестивальдерге қатысып жүргені үшін ғана емес, сонымен қатар туынды тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы өте маңызды тақырыпты көтергені үшін ризамын», — деп жазды Әсем Жәпішева.
Продюсер Баян Мақсатқызы да «Бақыт» фильмі туралы Instagram-дағы парақшасында бөлісті. Бұған дейін продюсер Үндістандағы фестивальде жүргені туралы жазған еді.
«Биыл біздің «Бақыт» фильміміз 15 халықаралық кинофестивальге қатысты, GOA-дағы фестиваль — он алтыншысы. Біздің қоржынымызда жеті үлкен марапат бар. Оның бастысы — БЕРЛИНАЛда алғанымыз. Алда үлкен жол тұр. Қазақстанда фильмді прокатқа шығарамыз және Асқармен әйел тағдыры туралы екінші фильмге кірісеміз», — деп жазды Баян Мақсатқызы өзінің Instagram-дағы парақшасында.
«Бақыт» — режиссер Асқар Ұзабаевтың әйел тағдыры туралы фильмі. Продюсері — Баян Мақсатқызы. Сценариін жазған — Әсем Жәпішева. Фильм Қазақстанда әлі прокатқа шыққан жоқ. Дегенмен түрлі фестивальдерге қатысып, жүлделі орындарға ие болды.