Среда, 27 ноября, 2024

«Бейбарыс Сұлтан және оның түркі тарихындағы орны»

Елордадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Бейбарыс Сұлтан және оның түркі тарихындағы орны» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Бұл жиын көрнекті тарихи тұлғаның 800 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралардың бастамасы. Отырыстың басты мақсаты – тарихи тұлғаны зерделеу, Бейбарыс сұлтан туралы соңғы мәліметтерді ғылыми айналымға енгізу, оның мұрасының ұрпақтар арасындағы танымалдылығын арттыру.

Басқосуда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Бейбарыс Сұлтанның еліміздің мақтантұтар, тарихта қалған ұлы тұлғасы екенін атап өтті.

«Бейбарыс – бір жағы Елтеріс қағандардан бері келіп, түркі өркениетін жалғаса, екінші жағынан ислам мәдениетін ұштай түсті. Оның Мысырда жүріп, тілін, дәстүрін қаншалықты ұлағаттағанын жақсы білеміз. Бейбарыс сарайда да тек ана тілінде сөйлегенін тарихшылар, жылнамашылар жазады», — деді Дархан Қуандықұлы.

Кездесуде Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов сөз сөйледі.

«Біз әйгілі билеуші Бейбарыс Сұлтанның 800 жылдық мерейтойына орай басқосып отырмыз. Батыр бабамыздың есімі өскелең ұрпаққа қашанда үлгі, өнеге. Бүгін елорданың төрі Сарыарқа ауданында 2 шақырымнан аса Бейбарыс Сұлтан көшесін аштық. Ұлы бабаларымызды, баһадүр батырларымыздың ерлігін ұлықтау барша қазақстандықтардың міндеті деп білеміз», — деді Асхат Раздықұлы.

Іс-шараға қатысуға белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, қазақстандық және шетелдік ғалымдар келді.

Конференцияда отандық және шетелдік ғалымдар Бейбарыс сұлтанның тарих пен өнердегі бейнесі, оның дипломатиясы, жастарға үлгі ретінде тұлғалық келбеті талқылануда.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған