Понедельник, 25 ноября, 2024

Бекжан Тұрыс: Біз қазір бір түрлі қоғамда өмір сүріп жатырмыз

Қазақы болмысымен көпшілікті тәнті еткен, қоғамдағы қандай да бір мәселеге бей-жай қарамай, азаматтық ұстанымын білдіріп отыратын өнер иесінің бірі — еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының актері Бекжан Тұрыс. Белгілі актермен әңгімеміз өнер, руханият, қазақы тәрбие, қоғамды кеулеген дерт төңірегінде өрбіді.

— Бекжан мырза, бүгінде өнерге лайықты баға беріліп жатыр ма? Өзіңіз білесіз, жақында жас әнші Әли Оқаповқа «Құрмет» ордені беріліп еді, жұрт өре түрегеліп, жерден алып, жерге салды. Қалай ойлайсыз, құрметті де лайық көрмейтін халыққа айналдық па?

— Қалай айтсам екен. Біреудің басындағы бағымен таласқан қалай болар екен. Жалпы бағалау жағына келетін болсақ, бізде осалдық бар. Өйткені шыны керек, шын талант тасада қалып, өнерімен алатын олжаны өлермендер алып жатқан заман. Бізде тамыр-таныс, рушылдық, шәкіртизм деген аурулар бар. Біреуге беріліп жатса, біз шын қуана алмаймыз. Ол енді қалай болған күннің өзінде Алланың қалауымен болатын нәрсе. Бүкіл марапатты алып, аты өшіп жатқандар қаншама. Ал кезінде лайықты бағасын алмаған деп кешегі Мұқағали, Нұрғиса, Шәмшілерді айтуға болады. Қазір бәрі атаққа жұмыс істеп кеткен сияқты көрінеді. Өнер ұлтқа қызмет етуі керек. Бізде сол ала алмай қалған атақ, болмай қалған жүлде. Әрине, кейбіреулер намыстанатын да шығар. Бірақ осының бәрі күншілдік, рухсыздық деп ойлаймын. Халықтың есінде атақпен емес, өнеріңмен жүрегінде мәңгі қалуың керек. Біздегі өнер адамдарының кемшілігі сол, қоғамдағы кеселдерге бей-жай қарайды. Ұлт болғаннан кейін ұлттық проблема болмай қоймайды ғой. Сондай кезде біздің өнер адамдарының үні шықпайды еш уақытта. Олар сол жаңағы атаққа келген кезде, басқа кезде жандарын салады. Ұнамай да жатқан кездеріміз болады. Өйткені шындық ешкімге еш уақытта ұнамайды. Шындық айту, шындық үшін күресу белгілі бір адамның жеке меншік міндеті сияқты болып қалды. Ал енді шындықты айта алмасақ, болмыс берген талант дегеннің құдыреті бес тиын. Біз атақты сонымен өлшеп жатырмыз. «Ананы алсам, мынаны алсам, ананы анау алып қойды. Мен неге одан қалып қойдым». Неге біз ұлт бойындағы рухани қасиеттерді айтпаймыз. Осы нәрсе мені қынжылтады. Үніміз шықпай, үнсіз қалған, аузымызға құм құйылған кездер көп. Кешегі жер дауы болсын, басқа нәрселер болсын, жаңағы атақ үшін айқайлап жүргендердің бірін де естіген емеспіз. Біз қазір өзі бір түрлі қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Асан абыздың бір сөзі бар еді «заман бүлінерде, теріс айналады» деген. Сондай бір заман өзгеріп, теріс айналып жатыр ма өзі… Бүкіл ұлтымыздың бойында бар құндылықтардан айрылып қалдық. Ал біздің ертеңіміз құнды, құнарлы болуы үшін бізге көп нәрсе керек емес. Руханиятқа көп көңіл бөлуіміз керек. Біз руханиятсыздың дертінен халықты аман сақтап қалуымыз керек. Ұлттың бойындағы шынайылығын тазалап алуымыз керек. Сонда ғана ұлтымыздың келешегі, бабаларымыздың өміршең өнегесі кемелдене түсетін еді. Бүгінгі атыс-шабыс, әлекей-сүлекей өнерсымақ тірлікті емес, кешегі бабаларымыздың өміршең өнегесін, тәлім-тәрбиесін бүгінгі ұрпақтың бойына, қанына сіңірсек екен. Біздің ұрпақ кешегі бабаларымыздың үлгі өнегесін өгейсінеді. Осыған үн қоссақ болар еді ғой.

— Күні кеше ғана жазушы Мұхтар Мағауин атамыз сұхбат берді. Біз зиялы қауым санайтын тұлғалардың бірін-бірі даттауы дұрыс нәрсе ме? Ол біздің болмысымызға қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

— Қоғам екіге бөлініп алды ғой. Бірі даттайды. Бірі мақтайды. Бірақ осы бізге керек пе еді деген ой болады. Біз бетіне қарап отырған абыз ақсақалдарымыз қазір өздерін аласартып алған сияқты. Жазушылығында мін жоқ, құрметтейміз. Бірақ кез келген адамның бойында пенделік бар. Сол пенделік жеңіп кеткен шығар деп ойлаймын. Әйтпесе, жалғыз Мұхтар ағамыз ғана емес, біздің қалам ұстаған, біз бетіне қарап отырған мақтаныш тұтатын адамдарымыздың барлығы бір бірін жамандап жеп жатқан кезі болған. Сүйінбай атамыздың бір шумақ өлеңі бар:
Арыз-құрыз, жiк-жала, есеп өссе,
Бiр-бiрiңдi жоқ қылар өсек өссе.
Өз шешеңнiң емшегiн өзiң турап,
Итке тастау дегенiң осы емес пе? — дейді.
Қатты айтылған болса да, қазіргі бар нәрсе. Қазақ деген әруағын айбозындай қадірлеген халық. Қазаның орны жіңішке, әруақтың орны биікте, салт-санасын салмақтаған халық едік. Бүгінде сол әруақтармен алысатын болып кеттік. Бұл біздің ұлттың ойын ары қарай алып бара жатқан дүниелер.

Осы мәселе толғандырмай қоймайды. Әрине, өкіндіреді. Одан қалса, қалам ұстағанның барлығы өзінше менмен, оқығанның бәрі кердең. Әрқайсысы өзін ақтап алғысы келіп тұрады. Ақталдым деген сөз ол өлдім дегенмен бірдей. Қазір біреуге қарап дұрыс пікір айта алмайсың. Пікір айтсаң, сені көрместей болып кетеді. Керісінше, пікір айтқан адамның қойнында пышағы болмайды. Әлеуметтік желіде де солай, пікір білдірсең, сені көрместей болады. Өйткені біз мақтауға үйреніп алғанбыз. Кеше танылып келе жатқан жазушы, журналистері бар соларды қолпаштап қойып едік, құдай салмасын, сұмдық болып шыға келді. Менің бір айтып жүрген сөзім бар. Баяғыда бір қораз «күн менің дауысымды есту үшін шығып алады» деп өзін-өзі сендірген екен. Мақтау — өнердегі, әдебиеттегі, жалпы руханияттағы адамдардың кемшілігі. Мен мақтауды жек көремін деп айта алмаймын. Егер мен үйтіп айтатын болсам, нағыз екіжүзділіктің арзан түрі болады. Жақсы көрем мақтағанды. Бірақ шегін білемін. Өзімнің дәрежемнің қандай екенін білемін. Мақтауға даңдайсыған адам емеспін. Осы өнер жолында көп нәрсені көріп, көп нәрседен өтіп келе жатқан адаммын. Үлкендердің бірін-бірі даттауы дұрыс емес. Ол кісілер бірін-бірі мақтан тұтуы керек қой. Соларға қарап бой түзеп келе жатқан ұрпақ не айтады? Жазушыны оқығаны болсын, оқымағаны болсын, сын айтуға келгенде жан салмайды. Отыра қалып жамандауға шебер бәрі.

— Қазір киноны идеология дейміз. Бірақ біздегі кинолар көбіне ырбың-жырбың, арзан күлкі. Қазақ тілін шұбарлап, орыс тіліндегі боқтық сөздерді араластыра бастады. Осылайша шынайы өмірді көретеміз деген оймен, жас ұрпаққа теріс тәрбие беріп жатқан жоқ па?

— Иә, атыс-шабыс, әлкей-сүлкей дүниелер көбейді. Қазір біз батысшыл болып алдық. Лениннің сөзі бар ғой «ең маңызды дүние — идеология» деген. Бізде бәрі қойыртпақ. Қазақша, орысша сөздер, онымен қоса боқтық сөздер ақтарылып, жан дүниеңді жалаңаштандырып жіберетін дүниелер көп. Отбасыңмен отырып кино көре алмайсың. Ең өкініштісі, сол киноларда сенің әріптесіңнің жүргені. Мен осындай нәрсемен күресіп жүрсем, менің әріптестерім сол жерде жүреді. Бұл да бір жанбағыстың көрінісі шығар. Өнер деген халықтың ар-ожданының көркемдік бейнесі. Бұрын өнердің салмағы ар-ұятпен өлшенетін. Қазір ардан аттап кетіп жатырмыз. Жаңағыдай арзан дүниелерге ақша үшін барады. Бәлкім, танылу үшін баратын шығар. Мен үйтіп танымал болмай-ақ қояйын. Ертеңгі күні есті ұрпақ келе жатыр. Күндердің күнінде олар бетке басады. Тоғышарлық жайлаған заманда кеселдерге қарсы тұра алмай жатырмыз. Ұлттың ұлағаты, әдебиеті, мәдениеті, әдебі сақталмаған жерді жын-шайтан иектейді. Қазірден ұлт руханиятын сақтаудың жолын қарастыруымыз керек. Өз еркімен жіберген жастарымыз ойларына келгенін істеп жатыр. Жабайы, жат, өрескел мінездер кеңінен етек алып, жан дүниеміз жалаңаштанып бара жатыр. Ақселеу Сейдімбек ағамыз «Біле білсең, қазір қазақтың рухани әлемі өмір мен өлім додасын бастан кешіп жатыр» деп еді. Өлім деген жақта дін жоқ, діл жоқ, рухани шатылдық. Дамыған елдердің рухани мәдениеті деген даңғазадан құлақ түріледі. Ұлт қасіреті — өзіміз өскен тамырдан кіндік үзу. Қазақтың тілі қандай әдемі, шұрайлы сөздері бар. Біз солай өстік. Ал қазір біздің заманымыз бөлек тұр, кешегілердің өнерін ысырып тастап, жаңаша бағытқа кеттік. Бұл да саясаттың бір түрі шығар. Соны қадағалайтын заң жоқ па, соны қадағалайтын адамдар жоқ па, мынау болмайды дейтіндей. Осы нәрселер кәдімгідей жүрекке мұң ұялатады. Мен бұрын да айтатынмын қазақтың киносында қазақтың өмірі жоқ. «Оян, қазақ» киносы шыққанда қуандық. Айдаладағы боратқа ренжіп жүрген кезімізде, айналамыздағы бораттар ар-намысымызды Алдар көсенің жыртық тонына айырбастап жатыр. Біз намысты бөркінен биік қоятын халық едік қой. Неге сондай намыссыз ұрпақ қазіргі киноларды қойып жатқан. Тағы да сол киноларда әріптестерім жүр. Маған кейде айтады. Сіз неге киноға түспейсіз деп. Қалай түсемін мен? Ертеңгі күні ол менің алдымнан шығады. Бірақ ойлаймын, есті ұрпақ келе жатыр ғой, түзер осыны. Сол кезде мүмкіндік болар. Қазір қазақ тілі мен орыс тілін араластырып беріп жатыр. Мен оны түсіне алмаймын. Ал сол киноға түскендердікі айналып келгенде танымалдылыққа ұмтылу. Сәбит Оразбаев ағамыз хабарласып «Бекжан дүние жылтыраған сайын адамдардың барлығы қатыгезденіп бара жатыр. Мен саған сенемін, сен өзіңнен кейінгілерге айтып жүрген дәстүр туралы, тәлім туралы, тәрбие туралы айта бер. Біреуі болмаса, соның біреуі алады. Бір адам жаққан отқа мың адам жылынады», — деді. Сол сөзді мен аманат ретінде қабылдадым. Ал қазір сол киноға түскендер өздерін ақтап алғысы келеді.

— Бүгінде жастарды қазыналы қарттарымыз емес, әлеуметтік желідегі қаптап кеткен психолог коучтар тәрбиелеп жатыр. Отырып алып барлығы ақыл айтады…

— Бұл үрдіс біздің ұлттың бойына келген қауіп, қасірет. Кешегі біздің әкелер тәрбиесі, қазақы қатаң тәртіп қандай! Әкені, үлкенді қалай сыйлаудың үлгісін аналарымыз көрсетті. Үйде отырған кезде «әкең келе жатыр» деген бір ғана сөзбен тәрбиеледі. Сол кезде мен ойлайтынмын, әкенің бойындағы бір үлкен қасиет пе деп. Кейін ойланып қарасам, ол ананың бойындағы әліпби екен ғой. Қазіргі қаптап кеткен түрлі психологтар мен коучтардың ақысын төлеп, ақылын тыңдап жүргендерге не деп айтуға болады. Тіпті адамның күлкісі келеді. Біз енді салт-санасын салмақтаған, ар-ұятты алға қойған халық едік қой. Сол халықтың неге осынша ұсақталып кеткенін кейде мен түсіне алмай қаламын. Иман мен жанды жолына құрбан қылып, ата-баба жолында аштан емес, ардан өлген халық едік. Қазір ардан аттап кетіп жатырмыз. Кешегі қазақтың келіндері, өзіміздің аналарымыз қандай еді?! Осы уақытқа дейін сол кісілердің тәрбиесімен өстік қой. Жеңгелерді көрдік, келіндерді көрдік. Қандай еді шіркін. Мысалы, мен өзім әлеуметтік желіде ауылда ерте көшіп кеткен жеңгем туралы жаздым. Ол кісі жақында жетпіске толады. Осыдан бір жыл бұрын ауылға барсам, жеңгем үйге кіріп келе жатып үш рет иіліп сәлем берді. Сол кезде мен қалжыңдап ол кісіге «көп жаса, ұл тап дейін десем ағам жоқ, әмеңгерлікке сізді алатын ешкім жоқ» деген едім. Содан көрісіп болғаннан кейін ол кісіден үш рет сәлем беруінің сырын сұрадым. Сонда жеңгем, «Менің бірінші сәлемім шаңыраққа берген сәлемім. Осы үйде үлкен кісілер болды. Өсіп-өнген отбасы болды. Екінші сәлемім әруақтарға деген құрметім. Ол кісілердің тәні жерде болғанымен, рухы көкті кезіп жүр. Үшінші сәлемім саған берген сәлемім. Сен жас болсаң да елдің алдында жүрген азаматсың», — деді. Осы сөздер мені кәдімгідей сүйсінтті. Қазақтың бойында осындай қасиеттер бар. Ақселеу Сейдімбек ағамыздың да әңгімесін жиі айтып жүремін. Баяғыда Көпен аға, Фариза апа бар, барлығымыз іссапарға бірге ұшқан едік. Сонда Ақселеу ағаның маған айтқан әңгімесі әлі есімде. Ол кісі: «Кезінде тоқал тамда тұрдық. Жаздыгүні шілденің шіліңгір ыстығында ыстықтан қашқан бақа-шаян тоқал тамға кіріп алады. Сондай кезде бақадан қорыққан жеңгемнің жанұшырған даусы естіледі. Жүгіріп барсаң, үйге не бақа, не шаян кіріп алады. Қышқашпен іліп алып бақаны алып тастаймын. Бір күні домбыраға тиек ойып отырсам, жеңгемнің жан даусы шықты. Жүгіріп барып қарасам, бақа да, шаян да жоқ. «Не үшін шақырдың» деп ренжимін. Сонда жеңгем атамның тонын қағып әкеліп берші деді. «Ол сіздің жұмысыңыз емес пе?» деп кіжіндім. Сонда жеңгем: «Атаңның тонын қаға алмаймын. Жағасынан сілкілегендей боламын ғой» деп еді. Қазақтың келіндерінің қасиеті осындай емес пе? Керегені ұстайтын да келін ғой. Мен өзім әлі келін түсірен жоқпын. Жақсы бір қазақы тәрбие көрген келін келсе екен деп ойлаймын. Ұлыма да осыны айтамын. Біздің кемшілігіміз отбасының тәрбиесіндегі кемшілігіміз шығар. Мәселе білімнің толықтығында емес, мәселе сананың толықтығында. Бекжанды алаңдатын не десеңіз, тұтас ұлтты біріктіретін сананы қалыптастырсақ деген ой. Мен айтқан ұлттық сана, ұлттық болмыс, қазір осылардың барлығынан ажырап бара жатырмыз. Бір ғасыр бұрын Қазақстанға келген саяхатшылардың барлығы қазақтың рухани тұтастығына таң қалған екен. Ал енді бүгінгі кезде қазақ бір-біріне жат, бірін-бірі жек көрсе, қалай сонда біздің басымыз бірігеді. Адам баласының бастауы — бесік. Бесік деген ұрпақты, ұлтты бағып-қағудың ұятты қалыптастырудың, намысты тәрбиелеудің құндағы еді ғой. Қазір сол бесіктен ажырап қалдық.

— Күні кеше әлеуметтік желіде қоқыста жатқан бесіктің видеосы тарады. Қазақтың киелі бесігі қоқыста жатыр. Бұған не дейсіз?

— М.Әуезовтың сөзі бар «ел боламын десең бесігіңді түзе» деген. Жаңағыдай бесігіміз қоқыста жататын болса, оған памперс кінәлі емес шығар. Нұртілеу Иманғалидың «бесігін сыйламаған елдің есігін кім көрінген теуіп ашады» деген сөзі бар. Бесік баяғыда әр қазақтың төрінде тұратын. Біз мүлде басқа мәдениетті көшіруші рухани құлға айналып бара жатырмыз. Қазір қазақ өзінің қазақтығынан жеріп бара жатыр. Қазақтың өзі қазір үшке бөлініп алды. Шала қазақ, таза қазақ, араб қазақ. Тұтас ұлттың санасын қалыптастыратын ұлт қашан болады екен деген ой мазалайды да тұрады. Сайын даланың төсінде өскен саңлақ сақтарды алайықшы. Кешегі ашаршылық, тоқсаныншы жылдарға дейін қазақтың қазақ болып тұруына қазақ әйелдерінің қосқан үлесі зор. Сол Сақ дәуірі кезіндегі Томириске: «Ал енді не қалды саған байың өлді, балаң өлді» деген кезде ол: «Қазақ деген ел қалды, сағымдай сары дала қалды» деген еді. Ал біз сол дүниені сақтап қала алып жатырмыз ба? Сақтай алмай тұрмыз, оған кім кінәлі? Оған біз кінәлі. Біз айтпаймыз. Көп жерде аузымызды жұмып отырамыз. Әбіш ағамыздың «үлкеннің жолын кессем, көрінбей қалам, кішінің жолын кессем, көмілмей қалам» деген сөзі бар еді. «Мына дүниенің зұлымдығы залымдардың залымдығынан емес, жақсылардың үндемеуінен» дейді. Қазір арамызда бар ғой жақсы көрінгісі келетіндер. Жасқа да жалпаңдайтын. Мен айтамын, жасқа аға болсаңшы сен деп. Ертең сөзің өтпей қалады. Осындай дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Өнерде жүрсем де ұлттың ертеңіне көп алаңдайтындардың бірімін. Бірақ қазір керек нәрселерді керек етпейтін қоғамдамыз. Адамдық деген нәрсе бізде аласарып кетті. Адамдық дегеніміз — табанынан жел көтерілсе, екі рулы елге сәлем бермейтін тоңмойындық емес, «сұңғыла болсам, сыртымды көр де ішімді біл» дейтін бітеулік емес, ыңырсып сөйлейтін зиялысымақ шенеунік емес, адамша өмір сүру. Кешегі бабаларымыздың өміршең өнегесін солардың бір ақуызын бүгініміз бен ертеңімізге емізе алсақ қой. Дәл осы бетімізбен кете берсек, қазақ қазақтығынан айрылады!

Адал ұрпақ ата салтын ұмытпа,
Бабалар ұстанған дәстүрді ұлықта.
Сақтар болсаң, еліңнің арын сақта,
Жоғын жоқтап барын сақта.
Тілің менен діліңді өгейсітпей,
Өз бабаңның қазақы қанын сақта!
Біз сол өз бабамыздың қанын сақтап қалуымыз керек. Біз оны сақтап қалмасақ, ертең өзімізге таяқ болып тиеді. Есті ұрпақ келе жатыр, бірақ аз. Кейде көшедегі бірін-бірі аямаған жастарды көріп, батысшыл қатыгез ұрпақ келе жатыр ма деп қорқамын. Мейірім деген ұғымның шырағын сөндіріп алдық. Қазір немере бағып, бесік жырын айтатын ата-әже жоқ. Балаларымызды ертегімен елітіп отыратын әжелеріміз жоқ. Кезінде біз әжелеріміздің қойнында жаттық. Әже құшағында өскен бала мейірімді болады. Баяғыда нанның қоқымын тастатпайтын. Қазір көшеде қоқыстың айналасының бәрі нан. Осының бәрі жанымды ауыртады. Жыр жасыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Халықтың әні кетсе, әдебиеті жесір қалады, сәні кетеді, сәні кетсе, жаны кетеді» деген қанатты сөзі бар. Қазақты жаңқа отқа жаққың келмесе, қазақтың дәстүрін сақта. Біз дәстүрімізді сақтамай, «дікс-дікс» еткен әуенге кеттік. Қазір жерге түсе алмай жүрген жұлдыздар бар. Халық рухани кездесуге зәру. Кешке дейін даңғыр-дұңғыр әуенді қосу идеологияның осалдығы ғой. Ал оларға не керек? Ақшасын алса, болды. Ұятты ойлап жатқан жоқ. Ертеңгі ұрпақ бетіме айтқан кезде ыңғайсыз болады деген нәрсе жоқ. Бүгінмен ғана өмір сүріп жатырмыз.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Мақпал Ноғайбаева

jasqazaq.kz сайтынан алынды 

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған