Вторник, 26 ноября, 2024

Биыл терроризм туралы жалған хабар берген 14 бала ұсталды

ІІМ экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Азамат Хасенов терроризм актісі туралы жалған хабар бергендерге қандай жауапкершілік барын түсіндірді, деп хабарлайды Polisia.kz.
2022 жылмен салыстырғанда биыл мұндай қылмыстардың шамамен 12%-ға өскені байқалады. Мәселен, егер өткен жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 141 қылмыстық іске тергеу жүргізілсе, биыл 160 қылмыстық іс тергеліп жатыр.
« Жыл басынан бері терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін 39 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде түрлі жаза тағайындалып, 12 адам сотталды: бас бостандығынан айыру жазасына -адам, бас бостандығын шектеу жазасына 7 адам тартылды, бір адамға айыппұл салынса, бір адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы белгіленді»,- деді Азамат Хасенов.
ІІМ өкілі жалған хабарлама жиі түсетін аймақтар мен жалған хабарлама үшін қандай жауапкершілік көзделетінін айтты.
«Мұндай хабарламалар Астана және Алматы сияқты ірі қалаларда жиі келіп түседі. Соңғы уақытта Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында «электронды жалған терроризм» жағдайлары көбейді. Жарылғыш зат қойылды деген хабарламаларда көбінесе көлік құралдары, білім беру, денсаулық сақтау және сот мекемелері көрсетіледі. Естеріңізге сала кетейін, бұл қылмыс үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін полиция биыл кәмелетке толмаған 14 баланы ұстады. Алматыда — 6, Қарағанды облысында — 4, Астана, Жамбыл, Маңғыстау мен Павлодар облыстарында бір адамнан. Сондай-ақ бәрінің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға үлкен сомада айыппұл салынды. Қылмыстық кодекстің 273-бабының санкциясы 5000 АЕК (бұл 17 млн теңгеден астам) мөлшерінде айыппұл салуды немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айыруды я шектеуді көздейді. Сонымен қатар сот шешімі бойынша объектіге келген залалды төлеуге тура келеді. Бұл сома 200 мыңнан 2 млн теңгеге дейін жетеді»,- деді Азамат Хасенов.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған