Среда, 27 ноября, 2024

Біз қазақ тілін төрге отырғызып, бір тілге көшуіміз қажет – Арман Шораев

ҚР Мәжіліс депутаттығына кандидат, қоғам белсендісі Арман Шораев «ГиперБорей» YouTube-арнасына берген сұхбатында орыс тілінің ресми тіл болуына қарсы шықты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

– Парламентке барсам қазақ тілі мәселесін көтеремін. Себебі, біз өзіміздің ана тіліміз – қазақ тілін төрге отырғызуымыз керек. Неге жапон немесе корей халқы жетістіктерге жетіп отыр? Өйткені, олар біртұтас ұлт. Бір тілде сөйлейді. Оларды бір тіл, бір дәстүр, бір дін біріктіріп отыр. Өздерінің иероглифтері бар. Ешқандай латын да емес, араб та емес. Осы күнге дейін біздің не ел екенімізді ешкім түсіне алмайды. Италиядан келген саяхатшы: «Өзінің ана тілін менсінбей, басқа ұлттың тілінде сөйлеп жүрген бір сорлы елді көрдім» деп біздің Қазақстан туралы айтыпты ғой. Сондықтан біз бір тілге көшуіміз қажет», – деді Шораев.

Қоғам белсендісі қазақ тілін білмейтіндер әкімдік қызметке аяқ баспастай етіп, шектеу қойылуы керектігін баса айтты.

– Мәжілісте заң жобаларының 98 пайызы орыс тілінде талқылайды. Заң жобасын орыс тілінде келеді, одан кейін біздің «бишара» аудармашылар қазақ тіліне аударып, қиналып жүреді. Осыдан кейін Қазақ елін қалай тәуелсіз ел деп айтуға болады? Егер сен қазақ тілін білмесең, онда сен әкім де, депутат та бола алмайсың. Тіпті әкімдіктің есігін ашатын швейцар да бола алмайсың деген шектеу енгізуіміз керек. Міне, осындай жағдайға жеткізуіміз керек. Басқа ұлт өкілдері біздің ана тілімізде сөйлегенде ғана біртұтас қоғам боламыз, – деді қоғам қайраткері.

Оның айтуынша, елдегі барлық балабақшалар мен мектептер 100 пайыз қазақ тіліне көшіп, қазақтілді білім беру мекемелерінде оқитын балаларға мемлекет қолайлы жағдай жасауы қажет.

– Ана тілі деген жәй ғана сөздерден құралған кітап емес. Ол біздің болмысымыз! Біздің болашағамыз! Мен өзім орыстілді қазақ болсам да, осыны түсініп отырмын. Біздің биліктегілердің осыны неге түсінбей жатқанына таңым бар. Бұл мәселені шешу оп-оңай. Мыңдаған балабақшалар бар. Бәрі 100 пайыз қазақ тілінде болуы керек. Егер басқа ұлт өкілдері өзінің балаларын қазақтілді балабақшаларға берсе, онда балаларды мемлекет тегін асырау керек. Дәл осы жүйені барлық мектептерге де енгізу керек. Балаларға арнайы әлеуметтік пакет бөлінуі тиіс. Сонда басқа ұлттың өкілдері де ана тілімізде сөйлейміз деп бір-бірімен жарысып, жүгіреді. Орыс тілі ешқандай ресми тіл болмауы қажет. Оны баяғыдан алып тастайтын уақыт келді, – деп қорытындылады Арман Шораев.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған