Четверг, 28 ноября, 2024

Бізге Қазақстанның қолдауы қажет — Т. Бекмамбетов

Әйгілі кинорежиссер Тимур Бекмамбетов мамандарды қайта даярлау бойынша өзінің бастамасы Retarga бағдарламасын ұсынып, оның Қазақстанда қолдау табатынына үлкен үмітпен қарайтынын білдірді, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

«Біз өте ерекше заманда өмір сүріп жатырмыз. Қазір жаһандық цифрландыру жүріп жатыр, оған сәйкес экономика да қарқынды дамуда. Айналамыздағы тенденциялардың күнделікті өзгеруіне байланысты кадр жетіспеушілігін сезініп отырмыз. Сондықтан біз өзге кәсіпті нәсіп етпек жандарға сол мүмкіндікті береміз. Біз физикалық күшті талап ететін мамандық иелерін креативті әлемге икемдегіміз келеді. Сондай жобалардың бірі — Retarga, яғни цифрлық машықтарға үйрететін кадрларды қайта даярлау бағдарламасы», — деді Тимур Бекмамбетов.

Жобаның аясында кадрларды қайта оқыту тегін жүргізіледі. Оқуға ниет білдірген үміткерлердің арасынан 50 адам таңдалып, оларға 4 ай көлемінде стипендия төленеді және осы уақыт аралығында компьютерлік бағдарламалар бойынша дәрістер онлайн не офлайн түрде жүргізіледі.

Retarga жергілікті үкіметтің не компаниялардың қолдауымен Түркия, Өзбекстан, Татарстан мен Ұлыбританияда іске қосылған. Режиссер енді бұл жоба Қазақстанда да жүзеге асады деген үмітте.

«Біз бұл жобаға Қазақстанның да қосылғанын қалаймыз. Өзбекстанда Мәдениет министрлігінің көмегімен, Татарстанда жергілікті компанияның қолдауымен оқыту мүмкін болып отыр. Енді Қазақстаннан да сондай серіктестер табылар деп үміттенеміз, сол арқылы қазақстандықтар халықаралық, әлемдік мәдени жобалардың қатысушысы бола алады», — деді режиссер.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған