Қаржы мониторингі агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті капиталының 50%-ы «Самұрық-Қазына» қорына тиесілі көмір өндіру кәсіпорнындағы жымқыру схемасын «Богатырь-Көмір» ЖШС-мен бірлесіп анықтады, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Күдіктінің 2020-2022 жылдар аралығында «Богатырь-Көмір» ЖШС қабылдау комиссиясымен алдын ала сөз байласу арқылы жүйелі түрде серіктестіктің қаражатын жымқыру әрекеті анықталды. Схема жалпы сомасы 830 млн теңгені құрайтын жаңа бөлшектердің орнына айтарлықтай тозған пайдаланылған қосалқы бөлшектерді жеткізуден тұрған. Бұл әрекеттер мемлекетке аса ірі көлемде материалдық залал келтірген», — делінген ҚМА хабарламасында.
Күдіктіге қатысты сот «үйқамақ» түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Тергеу мүддесіндегі басқа ақпарат жария етілмейді. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі», — делінген хабарламада.