Мексиканың Канкун қаласында Халықаралық теннис федерациясының директорлар кеңесіне сайлау өтті. Арнайы сайлау комиссиясы мен тәуелсіз аудиторлар жасырын дауыс беріп, оның қорытындысы бойынша Болат Өтемұратов 2023-2027 жылдар аралығындағы директорлар кеңесінің құрамына қайта сайланды. Ол үшінші мәрте осы қызметке сайланып отыр, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Әлемдік теннис қауымдастығының мұндай құрметі мен сенімі сайлау алдындағы уәделердің дәйекті орындалуы мен жаһандық теннис күн тәртібіндегі маңызды міндеттерді жүзеге асырудың арқасында болып отыр. Осылайша, Болат Өтемұратовтың қатысуымен соңғы төрт жылда ITF құрылымы реформаланды, басқару жүйесінің ашықтығы артты және Океания, Африка, Латын Америкасы, Кариб теңізі және Азия елдерінде 12 жасқа дейінгі балалар арасында облыстық командалық жарыстарды өткізуге қосымша қаржы қарастырылды.
«Көрермендер көрсеткіші бойынша әлемде үздік үштікке, кірісі бойынша ондыққа енетін спортымыздың орасан зор әлеуетін іске асыру үшін теннис қауымдастығы барынша бірігуі керек деп есептеймін. Әлемнің түкпір-түкпірінде жаңа корттарды салу, турнирлер өткізу және дарынды теннисшілерді қаржыландыру үшін айтарлықтай көбірек ресурстар алу үшін барлық күш-жігерді жұмсап, барлық мүмкіндіктерді іске асыру қажет», — деді Болат Өтемұратов дауыс беру нәтижелері жариялағаннан кейін.
ITF 210 ұлттық теннис ұйымын біріктіреді. Оның 143-і толық мүше мәртебесіне ие болса, 63-і қауымдастық. 2021 жылы ITF-те Қазақстан теннис федерациясына дауыс беру 5-тен 7-ге дейін өсті. Бұл ұлттық федерация ретінде ITF мүшелігінің 6 ықтимал деңгейінің үшінші ең жоғары көрсеткіші. 2021 жылғы ITF жыл сайынғы отырысында 155 елдің өкілдері бұл шешімге дауыс берді. Мұның барлығы қазіргі таңда 20 теннис державаларының қатарына кіретін Қазақстандағы теннисті дамыту стратегиясының жүзеге асырылып жатқанын дәлелдейді.