Четверг, 28 ноября, 2024

Бордюрлер неге ауыстырыла береді – Алматы әкімі жауап берді

Алматы әкімі Ерболат Досаев «тозып үлгермеген бордюрлер қайта ауыстырылып жатыр» деп шағымданған қала тұрғынына жауап берді, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Бостандық ауданы тұрғындарының бірі Алматы әкімінен «мегаполис көшелерінде орнатылғанына көп болмаған, еш бүлінбеген, жол жиегіндегі бордюрлер неге қайта ауыстырылып жатқанын» сұрады. Айтуынша, кейбір аулаларда қалыпты асфальт та жоқ.

«Өкінішке орай, қалада мұндай мәселе бар, асфальт төселгеннен кейін де инженерлік желілерге қатысты қиындықтар туындайды. Байқасаңыздар, жолдардағы жөндеу жұмыстары инженерлік желілерге байланысты. Идеал нұсқа мынау: барлық коммуникацияларды жөндеп, ретке келтіру керек, содан кейін асфальт бір рет қана төселеді. Бұған дейін мердігерлер газ, су құбырын, кәрізді, электр желілерін траншеялау жұмыстарын сапасыз жүргізген. Биылдан бастап желілерді төсеу енді жолақтың барлық енінен өтеді. Бұл талапты қалалық мобильділік басқармасы әзірледі. Бұл тәсіл жолдың сапасын сақтауға көмектеседі. Күрделі жөндеу мерзімін де ескеру қажет. Егер жол жөндеу мерзімі келмесе, оған дейін бюджеттен бұл мақсатқа ақша бөлінбейді», — деп жауап берді әкім.

Ерболат Досаев бордюрлер жаяу жүретін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін, сондықтан олар жақсы жағдайда болуы керектігін айтты.

«Қоғамның, азаматтардың арқасында жол жиегі мәселесін бақылауда ұстап отырмын. Өткен аптада қазір жол жөндеумен айналысып жатқан барлық компанияны жинадым. Барлық қордаланған мәселені талқыладық және оларға тағы да ескерттім. Олардың қалай жұмыс істейтінін қадағалап отырмыз. Бордюрлердің 3-5%-дан аспайтын бөлігі ғана ауыстырылады, қалғандары түзетіліп, орнына қойылады», — деп атап өтті Алматы әкімі.

Айтуынша, Алматы жолдарында бордюрдің тек екі түрі бар.

«Біріншісі — цемент-құмды жиектас. Оны әуелі престеп, кейін орнатады. Қыста жолдарды химиялық заттармен өңдейтінімізді ескерсек, олардың қызмет ету мерзімі бес жылдан аспайды. Екінші түрі – 10 жылдан 15 жылға дейін қызмет ететін гранит. Әл-Фараби даңғылындағы бордюрдің 20-25 пайызын ауыстырамыз деп болжаған едік. Бірақ 3%-ын ғана ауыстыратын болдық», — деді әкім.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған