Среда, 27 ноября, 2024

БҚО-да ер адам ішімдік ішпеуін сұраған әкесін ұрып өлтірген

15 ақпанда мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотта Сырым ауданы Қоңыр ауылының тұрғыны Оралбек Иманғалиевке қатысты үкім жарияланды. Ол кісі өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Қайғылы оқиға өткен жылдың 16 қазанында болған. Іс материалдарына қарағанда сол күні Иманғалиев өзінің танысымен бірге алкоголь ішуге сыртқа шығады. Сағат 23:00 шамасында сотталушы үйіне оралған, ол өзінің әкесі Мейрамғали Иманғалиевпен бірге тұрған.

«Әкесі ұлына «Неге ішесің? Үйленетін кез келді» дейді. Олардың арасында кикілжің пайда болады. Ол әкесінің сөзіне ашуланып, аулаға шығып, таяқ алып кеп, төсекте жатқан әкесін ұра бастайды. Ол басы мен иығына соққылар жасайды. Ер адам алған жарақаттарынан сол жерде қайтыс болды. Болған оқиғадан кейін ұлы әкесіне көмек көрсетуге тырыспады, жедел жәрдем шақырмады және қылмыс құралын жасырды», — деді судья Шара Зайнуллина.

Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша Мейрамғали Иманғалиевтің өліміне ашық бас миының жарақаты, бас сүйегінің сынуы және миға қан құйылуы себеп болған. Ер адам қылмыс құралын сарайдың төбесіне жасырған, оны кейінірек полиция қызметкерлері тапқан.
Сотталушының өзі кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінген. Үкім заңды күшіне енген жоқ және шешімге шағымдануға болады.

Сот шешімі БҚО кісі өлтіру

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған