Среда, 27 ноября, 2024

Бүгін — Көрісу күні, амал мерекесі.

Бүгін, 14 наурыз – Көрісу күні. Көрісу – бастауын сан мыңдаған ғасырлардан алатын, бүгінде еліміздің батыс өңірінде сақталып қалған дәстүр. Шартты түрде наурыздың 14-і «Көрісу күні» (кейде «қауышу күні) деп аталады. Ал халық арасында Наурыз мейрамын қарсы алу осы күннен басталады, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Көрісу – тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Өйткені, көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді. Көрісу – пенденің аузы аққа, мал аузы көкке тиіп, адамның адаммен, жылдың жылмен көрісіп, бір-біріне тілектерін айтатын күні.

Бұл күнді Амал мерекесі деп те атайды. Осы күні әр үйде дастархан жайылып, ұлттық тағамдар қойылып, адамдар бір-бірімен құшақ жая амандасып, есендік сұрасады. Көңілде өкпе-реніштері болса, кешіреді. Татулыққа бастайтын бұл жол ислам қағидаттарына да өте жақын. Көрісу күнінде жасы кіші адам үлкен кісінің үйіне барып көрісіп шығады. Міндетті түрде кем дегенде үш үйдің есігін ашу керек деген ырым бар. Әсіресе құдайы көршіге алдыңғы ретте кіріп шыққан жөн.

Шығыс елдерінің кезіндегі күнтізбесі бойынша наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1 жұлдызы болып есептеледі. Хамал деп отырғанымыз Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады деген ұғым қалыптасқан.

«Наурыз» сөзі «жаңа күн» дегенді білдіреді. Ертеде қазақ бұл күнді «наурыз» демей «амал» деген. Бұл сөздердің айырмашылығы жоқ деуге болады. Ал бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келіп отыр.

14 наурызда адамдар көрісе отырып, бір-біріне «Бір жасыңмен!», «Жасың құтты болсын!», «Жасың қайырлы болсын!» деп айту керек.

Біреуден қарыз алған болса, қарызын осы күнге дейін иесіне беріп тастауға тырысады. Көрісу күнінің рәсімі бойынша ер адамдар құшақтасып, төс түйістіреді, әйелдер болса, құшақтасып, беттерінен сүйіп көріседі. Тек келіндердің аталарымен және қайынағаларымен көрісулеріне болмайды деген ырым бар.

Көрісу мерекесі Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында және Ақтөбенің кейбір аудандарында, Ресейдің көршілес Астрахан, Саратов, Орынбор өңірлерінде, Қарақалпақстанда аталып өтіледі. Маңғыстауда Амал мерекесі 14 наурызда басталып, жалғаса береді. Соңғы жылдары Қазақстанда мейрам аясы кеңейіп келеді.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған