Бүгін — күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының туған күні. Ол әлем чемпионы атағына қол жеткізген тұңғыш қазақ, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
1871 жылы 7 сәуірде Ақмола уезі, Қараөткел деген ауылда қазақ елінің мақтанышы, алып күш иесі, теңдессіз палуан, әлем чемпионы атағына қол жеткізген тұңғыш қазақ Қажымұқан Мұңайтпасов дүниеге келді. Құжат бойынша қазіргі Ақмола облысының Қараөткел ауылында дүниеге келген. Алайда оның туған жеріне де, туған жылына да қатысты басқа да пікірлер бар.
Қажымұқан 17 жасқа толмай жатып, мықты палуан ретінде таныла бастады. Оның Ақмола облысы бойынша барлық атақты палуандарды жеңгені туралы әңгіме бүкіл қазақ даласына тез тарап кетеді.
18 жасында оны циркке жұмысқа шақырған. 1905 жылы Қажымұқан алғашқы ірі жетістігіне қол жеткізді. Харбинде өткен жарыста Мұңайтпасұлы «джиу-джитсу» күресінен алтын медаль жеңіп алды. Осы додадан кейін «Маньчжурия чемпионы» деген атаққа ие болды. Ал бір жылдан кейін Алманияда өткен дүниежүзілік жарыста топ жарды. Швецияның Гётеборг қаласында өткен француз күресінен әлем чемпионатында алтыннан алқа тақты. Сөйтіп, осы күрес бойынша әлем чемпионы атанған алғашқы қазақ болды.
1910 жылы Еуропа және Ресей палуандардың үлкен тобы Америкаға аттанды. Олардың ішінде Қажымұқан да болды. Оңтүстік Америка қалаларына жасалған турнеде Қажымұқанның ең сәтті өнер көрсеткен жері – Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласы. Сол жерде ол алтын медальмен мараппатталды. Троицк қаласында өткен жарыста Қажымұқан неміс палуаны Вестергард Шмидт, француз Фисури Колос, эстондық Тигане, орыс Петров және тағы басқа атақты спортшылардан басым түсті. Қажымұқанды Варшавада өткен халықаралық жарысқа шақырады, ол жерде Қажымұқан атақты Поль Абс, Ресей чемпионы Иван Яго және неміс палуаны Вейланд-Шульцпен кездеседі. Қажымұқан алтын медальды жеңіп алса, Лаубе мен Поль Абс күміс және қола медальдарына ие болды. Жарты жылдан кейін Қажымұқан Варшава біріншілігіне қатысу үшін, Польшаға қайтып келеді. Ол жүлделі орын алды, бірақ чех палуаны Карл Поспешил, әлем чемпиондары Карл Завт пен Георг Лурих одан жоғары орын алды.
1913 жылы Қажымұқан Иван Поддубный, Иван Заикин, Николай Вахтуров және Алекс Аберг сияқты көрнекті палуандармен бірге бірнеше ірі халықаралық жарыстарға қатысты, кейбіреулерінде алғашқы үштік жеңімпаздар қатарынан көрінді. 1913 жылдың аяғында Троицк қаласында өткен жарыста Қажымұқан үлкен жетістіктерге жетті, 18 рет кілемге шыққан ол, еш жеңілген жоқ. Оның жеңгендерінің ішінде атақты неміс палуаны Вестергард Шмидт, француз Фисури Колос, эстондық Тигане, орыс палуаны Петровтар болды. 1914 жылы Қажымұқан Нижний Новгород қаласындағы жарыста оның негізгі қарсыласы Вестергард Шмидт болды. Шмидтпен болған бұл күрес те Қажымұқанның жеңісімен аяқталады.
Азамат соғысынан кейін ол күресті дамытуды қолға алды – Қазақстан аумағында түрлі чемпионаттар ұйымдастырды. 1926 жылы Қызылордада алғашқы кәсіби театр ашуға күш салды, демеу жасап, қолдау білдірді. Бұл театрда Әміре Қашаубаев, Қазақстан халық әртісі Қалибек Қуанышпаев, атақты ақын Иса Байзақов сияқты белгілі азаматтар өз өнерлерін бастады. Қажымұқан 24 елде өнер көрсетіп жалпы 48 медаль жеңіп алған. Бұл есепке 1910 жылға дейін жеңіп алған наградалары кірмей қалған, олардың көбі Челябинсктің «Турци» циркінде болған өрттің кезінде жанып кеткен.
Алайда осы медальдардың біреуі де не әйелдерінде, не балаларында сақталмаған. Өмірінің соңғы жылдарында қарт балуан НКВД жендеттерінің тікелей қадағалауында болды. Өйткені батыр совет билігі мен партия шенеуніктерінің кейбір былықтарын сынаған болатын. Соның кесірінен қарт балуанға баспана берілмей, зейнетақыдан қағылады, бала-шағасын бағу үшін ол кезінде алған медальдарын сатуға да мәжбүр болған. Ұла даланың атақты балуаны 1948 жылы пневмониядан қайтыс болған. Қазақтың Қажымұқаны туралы деректі және көркем фильмдер түсірілген. Бірқатар қалаларды көшелер, спорт нысандары оның есімімен аталады. Оңтүстік Қазақстан облысында музей ашылды. Палуанның құрметіне жыл сайын елімізде халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізіліп келеді.