Алматы облысында балаларымен бірге мопед мінген ер адам дуалға соғылып, салдарынан 5 жастар қызы ес жимастан көз жұмды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Әлеуметтік желіде жан түршігерлік апаттың видеосы пайда болды. Кадрда алдына балаларын алған ер адамның мопед мініп бара жатып, рульге ие бола алмай қалған. Ол қатты жылдамдықпен темір қоршауға соғылады. Куәгерлердің айтуынша, мопедте жүргізушіден бөлек, ұлы мен қызы болған.
Алматы облысының полицейлері 2 шілде күні сағат 21:00 шамасында Қарасай ауданында, Жібек жолы ауданындағы көшелердің бірінде мопедті басқарып келе жатырған 42 жастағы ер адамның балаларымен жол апатына түскенін растады.
«Жол апаты салдарынан жүргізуші мен оның 5 жасар қызы түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Алайда бүлдіршін ауруханада ес жимастан көз жұмды», – деді полиция.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі «Абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу» тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.