Вторник, 26 ноября, 2024

Дәрігерлер Астана тұрғынын мүгедектіктен сақтап қалды

Паркинсон сырқаты мазалайтын 52 жастағы Астана тұрғынын дәрігерлер қимыл-қозғалыс функцияларының бұзылысынан құтқарды, деп хабарлайды Arda-ақпарат.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Астана қаласы филиалының мәліметінше, науқасқа «оң жақ стереотактикалық таламотомия» отасы жасалды. Басқаша айтқанда, бас сүйегі арқылы мидың ортасына терең еніп, субталамикалық ядроға ток өтетін кішкентай электродтар енгізілді.

«Құрылғы аурудан зардап шеккен ми жасушаларының жұмысын терең ынталандырады. Импульстар мидың зақымдалған бөліктеріне тікелей еніп, олардың қызметін тездетеді. Осылайша, Паркинсон ауруының белгілерін жеңілдетуге мүмкіндік береді және оның ағымын баяулатады. Ота квота бойынша, МӘМС аясында жасалды» – деп жазды ведомстводан.

Науқастың айтуынша, ол 2016 жылдан бері паркинсон дертімен ауырып келеді. Осы уақыт ішінде ер адам үнемі нейрохирургия орталығының мамандарынан кеңес алып тұрды, тамырлы және функционалды нейрохирургия бөлімі мамандарының бақылауымен ұзақ уақыт бойы дәрі-дәрмектер арқылы ем (түзету терапиясын) алды. Бірақ науқастың жағдайы жақсармады, қимыл-қозғалыс функциялары бұзыла бастады, қолдары мүлдем «тыңдамайтын» болды. Екі қолы қатты дірілдейтіні соншалық, күнделікті өмірінде кедергі келтірді, бұлшық еттері икемге келмей, денесі сіресіп, қатайып кетті. Хирургиялық емнің оң әсері мен қауіпті жақтарын таразылай келе, ер адам ота жасатуға шешім қабылдайды.

«Соңғы кездері осы ауруға байланысты компьютерде жұмыс істей алмадым, бар зейінімді жұмысқа аудара алмадым. Күн сайын осы жағдай мені тұйыққа тірей бастады, сонымен қатар тоқтаусыз дірілден ұйқым бұзылды. Отадан кейін өзімді әлдеқайда жақсы сезінемін. Діріл енді мазаламайды. Соған өте қуаныштымын. Оң қолым да, сол қолым да толығымен қалпына келді. Бұған дейін сол қолым ырқыма мүлдем бағынбаған кезде, дірілдің қатты болғаны соншалық, ол оң қолыма да берілетін еді. Отадан кейін бәрі керемет», — деп бөлісті науқас.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған