Қазақстанда «Дарын» жастар сыйлығын және «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын беру тәртібіне өзгерістер енгізу жоспарланып отыр, — деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Құжат жобасы Ашық НҚА порталында жарияланды.
Қазақстанда мемлекеттік жастар саясатына өзгертулер енгізу арқылы «жастар» санатына 35 жасқа дейінгі азаматтар жатқызылды. Соған орай, «Дарын» сыйлығы да, «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты да енді 35 жасқа дейінгі азаматтарға беріледі (грантты 14-35 жас аралығындағы жастар иеленеді).
Сондай-ақ, «Дарын» жастар сыйлығы табыстау мерзімі де өзгермек. Бұған дейін аталған сыйлық Тәуелсіздік күніне орай беріліп келсе, енді Республика күніне ұлттық мәртебе берілуіне байланысты «Дарын» жастар сыйлығы 25 қазан – Республика күні қарсаңында табысталады.
Құжат 11 қаңтарға дейін қоғам талқысына ұсынылып отыр.