Четверг, 28 ноября, 2024

Дәулет Мұқаев тұрғын үй бағдарламаларына бірнеше нақты өзгеріс енгізуді ұсынды

Мәжіліс отырысында депутат Дәулет Мұқаев «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламаларының талаптарына өзгеріс енгізуді, «Жас отбасының» бастапқы жарнасын 10%-дан асырмау туралы ұсыныс жасады, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Бірмандатты округ бойынша сайланған мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевтың премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, мемлекеттік бағдарламаларды жаңарту және қайта қарау жөнінде депутаттық сауал жолдады.

«Үйі жоқты күйі жоқ. Елімізде қолжетімді баспана — ең өзекті мәселенің бірі. Халқымыздың «ұлы дала квартиранттары» атанғаны да жанға қатты батады. Анығын айтқанда үйсіз-күйсіз жүрген қазақстандықтарды қолжетімді және сапалы баспанамен қамтамасыз ететін мемлекеттік бағдарламалар қолжетімді болмай отыр. Бүгінде тұрғын үй бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар халықтың сұранысын қанағаттандырмай отыр. Ел арасында алынған мәлімет пен сұраныс нәтижесі бойынша мына ұсыныстарды жолдаймын», — деді ол.

Депутат мәжілістің жалпы отырысында баспана мәселесіне қатысты мына ұсыныстарды атады:

  • «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламаларының талаптарына өзгеріс енгізу;

  • «Жас отбасы» бағдарламасының бастапқы жарнасын 10 пайыздан асырмау;

  • «7-20-25» бағдарламасы бойынша маусым сайын қойылатын лимитті алып тастау;

  • Жастарға берілетін жалдамалы пәтер бағдарламасын еліміздің барлық аймағында іске қосу.

Оның сөзінше, «Бақытты отбасы» бағдарламасы елімізде 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жыл сайын бюджеттен 50 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп, 8 мыңға жуық отбасы үйлі болды. Бағдарлама аясында несиедеу сомасы аймақтар бойынша 15 млн теңгеге тең. 2019-2020 жылдары мұндай ақшаға екі бөлмелі үйді алуға мүмкіндік болса, қазір пәтер бағасы өскеннен тек бір бөлмелі үй алуға мәжбүр болып отыр.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында көпбалалы отбасы деп кемі төрт бала, олардың ата-анасын қоссақ, кемі алты адамды айтады. Қазір үйлер конкурс негізінде берілетіндіктен кей отбасылар сол бір бөлмелі 32 шаршы метр аядай пәтерде тұруға мәжбүр. Осыған байланысты бұл бағдарламаға өзгеріс қашан жасалады?» — деді Дәулет Мұқаев.

Депутат екіншіден, Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі мен заң қызметін ұйымдастыру департамнентінің мәліметін келтірді. 2022 жылы елімізде 129 707 жұп некеге тұрса, 51220 жұп ажырасқан. Бұл дегеніміз — үйленген жастардың 40%-ы, яғни әр 3-жұп ажырасады деген сөз.

«Ажырасудың басты себебі материалдық қажеттілік екенін ескерсек, соның ішінде баспана бірінші орында. Жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету біршама мәселенің алдын алары сөзсіз. Сондықтан мемлекеттік деңгейде Жас отбасы бағдарламасын бастапқы жарнасы 19%-дан аспайтындай етуді ұсынамын. Қазір Отбасы банктен жүзеге сып жатқан Жас отбасы бағдарламасы бар. Ол жерде бастапқы жарна — 50%. Мұндай қаражат жинау жас отбасы түгілі ересектерге де қиын. Осы мәселелерге байланысты үкімет тарапынан қандай шаралар атқарылады? Баспана мәселесі бірден шешіле қоймас. Дегенмен оған деген мұқтаждықты жою мақсатында мемлекеттік бағдарламаларды қайта қарау қажет», — деді Депутат Дәулет Мұқаев.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған