Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Мәжілістің жалпы отырысының кулуарында әскерге шақырту туралы айтты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Шақырту кампаниясына атқарушы билік жауап береді. Біз оларды тізіммен қамтамасыз етеміз. Әскери борышын өтеуден жалтарған адамды заң бойынша шақыртуымыз қажет. Біз тек заң аясында ғана әрекет етеміз. Қазіргі жастардың ойлау жүйесі басқаша. Егер сен еліңнің нағыз патриоты болсаң, әскерге баруың керек. Әскерге бармайды, ал түнгі клубқа барады. Денсаулығы түнгі клубқа барып, көңіл көтеруге жетеді екен. Ал Отан алдындағы борышын атқаруға жетпей ме?», — деді Руслан Жақсылықов.
Ол шақыртудан жалтарған жастарды заң аясында іздеп, қорғаныс департаментіне шешім қабылдау үшін алып келетінін айтты.
Министр әскерге бармайтын жастардың тәрбиесіне қатысты да пікір айтты.
«Ол жастарды нағыз еркек қылып тәрбиелеу керегін айтты. Ол өзі үшін де, өзінің отбасы үшін де, Отаны үшін де жауапкершілік ала білуі керек. Түнгі клубтарға барып, қыдырып жүретіндерді еркек деп айтуға болмайды», — деді Руслан Жақсылықов.