Вторник, 26 ноября, 2024

Депутат Анас Баққожаев блогерлерді жазалауды ұсынды

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев жалған ақпарат тарататын, ақпараттың рас-өтірігін тексеріп алмайтын блогерлерді жазалауды ұсынды, — деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Депутат блогерлер ақпараттың рас-өтірігін тексермей, оңай жолмен баю мақсатында кез келген адамға жала жабудан тайынбайтын, бопсалап ақша табатын, атаққұмар, елдің берекесін бұзып, қауіпсіздігіне қатер төндіретін сауатсыз адамдар екенін айтады.

«Дәл осы блогерлер талай жылдан бері ұмыт болған қаржылық пирамиданың жандануына да себеп болғанын бәріміз жақсы білеміз. Сол алаяқтарға сеніп қалған қаншама адам суицид жасады, қаншауы денсаулығынан айрылды, тағы қаншамасы үйсіз-күйсіз қалып, қаңғырып кетті?! Олардың обалы кімге?

Елде болып жатқан түрлі әлеуметтік жағдайларды өз ыңғайына бұрмалап, оған ұлтаралық рең беріп, елге жалған ақпарат таратқан блогерлердің де ісі майшаммен қаралуы керек еді. Расталмаған қауесеттің әлеуметтік желі арқылы тез тарауынан Қордай оқиғасының немен аяқталғаны бәріңізге мәлім», — дейді депутат.

Сондықтан, депутат, біріншіден, осы заң жобасына жауаптылардың әрекетіне тиісті баға берілуі керегін, екіншіден, тез арада БАҚ туралы заңды пысықтап, Мәжілістің ашық талқылауына енгізу қажет екенін айтады.

«Ақпарат саласындағы жауапкершілікті тек журналистер емес, блогерлер де сезінетін уақыт жетті. Бұл мәселені аталған заң жобасының аясында дереу қарастыруымыз қажет. Себебі жауапкершілікті түсіне алмайтын блогерлердің саны уақыт өткен сайын артып жатыр», — дейді Анас Баққожаев.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған