Вторник, 26 ноября, 2024

Депутат Кенесары ханның бас сүйегін елге қайтару мәселесін көтерді

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақытбек Смағұл Үкімет басшысына сауал жолдап, Кенесары ханның бас сүйегі мен оның мылтығы Мәскеуде этнографиялық мұражайда уақытша сақтауда тұрғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

«Кенесары хан қапыда қаза тапқан соң, Қазақ хандығы да жойылды. Хан Кене аз уақытқа болса да, барлық үш жүзді біріктіріп, хандықты, яғни қазақтың мемлекеттілігін қалпына келтіре алды. Көптеген зерттеуші елдің аумақтық тұтастығын қалпына келтірудегі Кенесарының ерекше рөлін атап өтті. Оған патша әкімшілігінің өкілдері де құрметпен қарап, оны «Қазақ даласының Митридаты», «ержүрек батыр» деп атаған», – дейді депутат.

Қазіргі уақытта Кенесары ханның бас сүйегі мен оның мылтығы Мәскеуде этнографиялық мұражайда уақытша сақтауда тұр.

«2021 жылы географиялық қоғам ұйымдастырып, Қазақстаннан арнайы барған комиссия және мамандар Ұлы ханның бас сүйегі мен мылтығын сәйкестендіру жұмыстарымен айналысты. Тарихи, антропологиялық, мұражайлық және мұрағаттық зерттеулер кешенінің қорытындысында мылтықтың ханға 100% тиесілі екені, ал бас сүйек Кенесары ханның бас сүйегі екені сәйкестік 90%-дан жоғары анықталды», – дейді.

Депутат өз кезегінде Премьер-министрден Кенесары ханның туғанына 220 жыл және Ұлы ханымыз бастаған көтеріліске 185 жыл толуын, мұның ұлттық тарихтағы маңызды орнын ескере отырып, сонымен қатар Әділетті Қазақстанда тарихи әділдікті қалпына келтіру мақсатында Кенесары ханның сүйегі мен мылтығын Ресейден Қазақстанға қайтару мәселесіне қолдау көрсетуін сұрады.

«Хан сүйегін Астанадағы Ұлттық пантеонда жерлеуді, ал мылтықты Ұлттық мұражайға тапсыруды ұсынамын. Бұл шара ел рухының асқақтауына, отаншылдықтың күшеюіне және ел астанасындағы туризмнің дамуына ықпал етері сөзсіз», – деді мәжілісмен.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған