Четверг, 28 ноября, 2024

Депутаттар әр балаға 70 мың теңге көлемінде жәрдемақы тағайындауды ұсынды

Бүгін Мәжіліс депутаты Гауһар Танашева әрбір туған балаға70 мың теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы тағайындауды ұсынды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Мәжіліс депутаты Гауһар Танашева сауалын «Қазақстан Халық партиясының» депутаттары атынан премьер министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдады.

Мәжіліс депутаты Танашеваның айтуынша, әр балаға төленетін жәрдемақының мөлшерін арттыру қажет. Ол нақты көлемде, жұмсауға жеткілікті мөлшерде бірыңғай жәрдемақы төлеген дұрыс деп санайды.

«Әлеуметтік саладағы негізгі бағыттардың бірі — көп балалы, толық емес отбасында бала тәрбиелеп отырған, денсаулығында ерекшелігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарды қолдау. Осындай отбасылардың қолдау деңгейін көтермейінше, мынадай жағымсыз салдарға тап боламыз: бала туудың төмендігі, ажырсаудың ұлғаюы, болашақта еңбек ресурсы тапшылығының ұлғаюы, кедейліктің өсуі», — деді депутат сөйлеген сөзінде.

Сонымен қатар көп балалы аналардың көбісі жалға берілген бөлмелерде тұратынын, оларға ипотека рәсімдеу мүмкіндігі өте қиын екенін атап өтті.

«Оларды тегін тұрғын үймен қамтамасыз ету тәжірибесі жоқ. Ипотека рәсімдеудің қолжетімді шарттары қарастырылмаған. Бұндай отбасылар мемлекеттің қандай қолдауына үміт артады? Атаулы әлеуметтік көмекке ме? Объективті түрде қарасақ, оны да нақты көмек деп санауға болмайды», — деді депутат.

Сондай-ақ әлеуметтік осал топтардың АӘК-ке үміткер болуы да қиындық тудыратынын және АЭК алып тастап, жаңа реформалар жасауды ұсынды.

«Біз ең төменгі жалақы мөлшерінде әр балаға 70 мың теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы тағайындауды қарастыруды ұсынамыз. Мысалы, төрт балаға берілетін жәрдемақы 280 мың теңге, екі балаға 140 мың теңге. Қазіргі күні төрт балаға 55 340 теңге жәрдемақы алады» — деді Танашева.

Бұдан бөлек, депутат халықтың осал топтарына арналған жәрдемақыларды қайта қарастыруды сұрады.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған