Вторник, 26 ноября, 2024

Димаш Құдайберген әлемдік турнеден түскен қаражаттың бір бөлігін Түркия мен Сирия халқына аудармақ

Танымал әнші Димаш Құдайберген Түркия мен Сирия халқына көңіл айтты. Өнер иесі әлем бойынша өткізіліп жатқан ән кешінен түскен қаражаттың бір бөлігін табиғи апаттан зардап шеккен отбасыларға көмек ретінде аударатынын айтты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Әнші бұл жайлы Instagram парақшасында мәлім етті.

«Түркия мен Сирияда және басқа да көптеген елде болған апат мыңнан астам адамның өмірін қиғанын естідім. Қаза болғандардың отбасына қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуі үшін күш-қуат тілеймін», — деді Димаш Құдайберген.

Сонымен қатар танымал әнші әлем бойынша өткен турнесінен түскен қаражаттың бір бөлігін табиғи апаттан зардап шеккендерге көмек ретінде аударатынын айтты.

«Сондай-ақ «Stranger» турнемнің аясында билет сатудан түскен қаражаттың бір бөлігі табиғи апаттан зардап шеккендерге көмек ретінде аударылатынын хабарлаймын. Кейінірек толық ақпаратты командам сайтқа жариялайды», — деді Димаш Құдайберген.

Естеріңізге сала кетейік, Түркияда болған жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны артты. Соңғы мәлімет бойынша төтенше жағдай салдарынан 3,3 мыңнан астам адам көз жұмған. Сондай-ақ зілзаладан 20 436 адам зардап шегіп, 5575 ғимарат қираған.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған