Jibek Joly телеарнасының «Төрлетіңіз» бағдарламасында қонақта болған белгілі әнші, композитор Ұлықпан Жолдасов Димаш Құдайбергенге жазып берген әндері туралы айтты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Ән жалпыға бірдей жазылады. Димашқа дайын, бірақ сөзі жазылмаған композицияларымды бердім. Жалпы, мен үшін Димашқа ән жазу өте қиын. Себебі оның талғамы бөлек, мүлде басқаша. Адам өзінің табиғатына келетін әнді айтады. Димашқа біздің туындыларымыз көп келе бермейді», — деді Ұлықпан Жолдасов.
Сонымен қатар, композитор бүгінде Димаш Құдайберген оның 6 әнін орындап жүргенін айтты.
Олардың қатарында Қытай елінде хит-парадта бірінші орында болған туынды бар.
Бұған қоса, Ұлықпан Жолдасов 1980-ші жылдары орыс тілін білмегені үшін Шымкет музыкалық училищесінен шығып кеткенін еске алды.
Жалпы, «Төрлетіңіз» бағдарламасы отандық белгілі композиторлардың шығармашылығына, хит әндердің тарихына арналды.
Өнер иелері қазақ музыкасын әлемдік деңгейге көтеру төңірегіндегі ойларын ортаға салып, пікір білдірді.