Достарын судан құтқарған атыраулық оқушы Дінмұхаммед Жаңбырбай «Жас батыр» атанды. Оған бұл аталым Балалар жылы аясында өткен жас патриоттар форумында тапсырылды, деп хабарлайды Arda-ақпарат.
Форумға еліміздің барлық өңірінен 7-14 жас аралығындағы балауса ақындар, жазушылар, блогерлер, суретшілер, өнерпаздар мен спортшылар қатысқан.
Олардың арасынан 10 аталым бойынша 30 жеңімпаз анықталған.
Соның бірі – Дінмұхаммед Жаңбырбай үш балалы отбасының ортаншы перзенті. Қазір ол Атырау қаласындағы №3 орта мектептің 3-сыныбында оқиды.
Ол 3 желтоқсанда Жайық өзенінің мұзы ойылып, екі баланың суға батқан. Оны байқаған 8 жасар Жаңбырбай Дінмұхаммед көмекке ұмтылған. Екі жасөспірімнің бірін қолынан тартып, судан шығуына көмектескен. Судан шыққан жасөспірімнің бірі екіншісін құтқарып қалған. Кейін суға батқан екі жасөспірімнің бірі 14, екіншісі 9 жаста екені анықталған.
«Әкем сол күні өзенге бармау керегін ескертті. Сол себептен, балалардың артынан ілескеніммен, мұз үстіне шықпадым. Бірақ, достарымның мұзға түсіп кеткенін көріп, көмектесуге бардым. Қолымды созып, біреуінің судан шығуына көмектестім. Кейін 6 полицей келді. Әкем өзенге барғаным үшін ұрсатын болар деп ойлап едім. Алайда, әкем ұрысқан жоқ. Сыныптастарым «Дінмұхаммед, жарайсың!» деп қолдау білдірді», -дейді Дінмұхаммед Жаңбырбай.