2024 жылдың бірінші қаңтарынан бастап барша қазақстандықтардың саусақ ізін алатыны туралы мәлімет өтірік. Ішкі істер вице-министрі Марат Қожаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында осылай деді.
«2024 жылдың бірінші қаңтарынан бастап бүкіл қазақстандықтардың саусақ ізі алынбайды. Саусақ ізін тіркеу туралы бұл заң 2016 жылы қабылданған. Бірден айтайын, бұл Қазақстан ойлап тауып отырған жаңашылдық емес. Ондай жүйе көптеген елдерде, оның ішінде жетекші елдерде де бар», — деді Марат Қожаев Үкіметтегі баспасөз мәслихатында.
Вице-министр заң күшіне енгеннен кейін де қазақстандықтар саусақ ізін түсіртуге міндетті емес екенін түсіндірді.
«Заң 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап қана қолданыла бастайды. Бұл баршаңыз саусақ ізін түсіртуге барасыздар деген сөз емес. Қажеттілігіне қарай, мысалы жеке куәліктің немесе төлқұжаттың мерзімі аяқталғанда барасыз.
Құжаттандыру жүйесі ешқалай өзгермейді. Оның үстіне жеке құжатыңызға саусақ ізі түріндегі қосымша қорғаныш тетігі енгізіледі», — деді ІІМ өкілі.
ARDA-Aqparat