Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевтің ісіне қытысты сот тергеуі аяқталып, олар қорытынды сөз сөйледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған процесс «Zoom» платформасында онлайн режимде өтті. Онда алғаш болып сөз алған экс-денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев өзіне тағылған айыптардың дәйексіз екенін алға тартып, толық ақтауды сұрады.
«Құрметті сот және аталған процеске қатысушылар! Мен бұрын айтқанымдай, өзімді кінәлімін деп есептемеймін. Мені ата-анам әрқашан заңға бағынуға үйретті. Бұл менің отабысымның негізгі тәрбие өзегі болды. Тергеу барысында барлық сұрақтарға нақты әрі анық жауап бере білдім. Маған тағылған айыптар ойдан шығарылған, дәлелсіз және олар Қаржылық мониторинг агенттігінің қиялынан туған. Біздің прокурорлар да шындыққа келгенде соқыр, саңырау. Айыптаушы жақтың ІТ технологиялардан хабары жоқ. Прокуратура іс қозғалып отырған электронды платформаның қалай жұмыс істейтінін де білмейді. Мен өзімнің кінәлі емес екенімді дәлелдеу үшін соңына дейін барамын және мені толық ақтауды сұраймын», — деді Олжас Әбішев.
Келесі болып қорытынды сөз сөйлеген Денсаулық сақтау министрлігінің экс-басшысы Елжан Біртанов бұған дейінгі сот отырыстарында өзінің кінәсіздігін айғақтайтын нақты дәлелдер ұсынғанын атап өтті.