Атырауда Amanat партиясының «Құқықтық көмек» жобасы іске қосылды. Оған партия төрағасы Ерлан Қошанов қатысты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Ерлан Қошанов алдымен Атырау облысының жұртшылығымен кездесті. Құқық қорғаушы Абзал Құспанмен бірге Исатай ауданының тұрғындарын қабылдады.
«Жасыратыны жоқ, біздің қоғамда азаматтардың құқықтық, қаржылық сауаттылығы әлі де төмен. Соның салдарынан олар сотта немесе басқа да мемлекеттік органдарда өз мүдделерін қорғай алмай жатады. Шалғайдағы ауыл тұрғындарының бәрі бірдей мұндай кәсіби көмекке қол жеткізе алмай отырғандықтан, жаңа партиялық жоба аясында заңгерлер ауыл-ауылды аралап, халыққа арнайы құқықтық көмек көрсетеді. Әділдік пен заңның үстемдік құруы осындай нақты істерден басталады», — деді Ерлан Қошанов.
Оның айтуынша, «Құқықтық көмек» жобасы шеңберінде заңгерлер азаматтарға заңгерлік көмек көрсету үшін аудан орталықтарына барады. Сотта, қылмыстық қудалау органдарында және тағы басқа жағдайда азаматтарға өкілеттік етуге, талап арызын толтыруға, өзін қорғауға көмек көрсетіледі. Тұрғындарға қаржы және құқықтық мәселелер бойынша түрлі кеңес беріледі.