Электронды темекі кәдімгі темекі секілді денсаулыққа зиянды. Оны сондай-ақ темекі өнімі десе болады. Бұл туралы Алматы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гаухар Каткенова айтты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Спикердің сөзінше, электрондық темекі, бу генераторы, вапорайзер немесе вейп – бұл жоғары дисперсті аэрозольді жасайтын құрылғы. Жай сөзбен айтқанда, бұл тартуға арналған бу.
«Бу арнайы сұйықтықтан пайда болып, қызған кезде буланып кетеді. Сыртқы пішіні темекіге де, темекі шегуге арналған электронды түтікке де ұқсас болуы мүмкін. Ағылшын тілінен аударғанда «vapor» сөзі «бу», ал «vape» етістігі «буды тарту» дегенді білдіреді. Вейп өндірушілері өнімдерін адамның ағзасы үшін толығымен қауіпсіз деп мәлімдейді. Алайда, іс жүзінде электронды темекі қарапайым темекі сияқты денсаулыққа зиянды. Оның құрамында никотинді пропиленгликоль бар. Тиісінше, бұл темекі өнімі деп айтуға болады«, — дейді дәрігер.
Вейптағы болатын хош иісті сұйықтық 100% химиялық құрамнан тұрады, атап айтқанда, этиленгликоль, пропиленгликоль және глицерин, сондай-ақ никотин.
«Сонымен қатар сұйықтықтың құрамында никель, қорғасын сияқты ауыр металдардың құрамы бар, олар темекі шегу немесе булану арқылы адам ағзасына еніп, адамның орталық, тыныс алу, эндокриндік, ас қорыту және жүрек-тамыр жүйелерін зақымдайды, миокард инфарктісі мен инсульттің даму қаупін арттырады. Сұйықтықтардағы никотин тәуелділікті тудырады және қатерлі ісік ауруларының дамуына әкелуі мүмкін. Бүгінде осы өнімнің отаны саналатын АҚШ-тың Сан-Франциско округінің өзі мұндай сұйықтықтардан бас тартып отыр. Керісінше, қазақстандық жасөспірімдердің, әсіресе мектеп оқушыларының арасында бұл өнім кеңінен таралып келеді.
Біз азаматтарды, жастарды электронды темекі мен вейптен бас тартуды ұсынамыз. Өйткені, әдемі қабық пен тәтті дәмнің артында адам денсаулығына өте зиянды түрлі химиялық заттар бар«, — деді Алматы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гаухар Каткенова.