Бүгін Парламент Мәжілісінде киберқылмыспен күрес тақырыбына арналған талқылауда елімізде бір кісіге сатылатын SIM картаның санын шектеу ұсынылды.
Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы: «Павлодар облыстық полиция департаменті өкілдерімен кездескен едік. Олар SIM-карта (ұялы телефон нөмірлері) беруді шектеу керек деп ұсыныс айтты. Біздің қоғамда оны кез келген дүкеннен сатып алуға болады. Бір кісіге шексіз көп SIM-картаны сату мүмкіндігі бар. Кейбір елдердің тәжірибесіне қарасақ, тек байланыс операторының филиалынан сатып алуға рұқсат етіледі. Жекелеген дүкендер мұны сата бермейді. Осыған шектеу қойсаңыздар. Бір кісіге кем дегенде 2-3 SIM картадан артық берілмесе. Бұл үлкен көмек болады деп отыр полицейлер. Осы мәселені заң жүзінде қарастыруға бола ма?» — деген сауал қойды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов SIM-карталарының санына шектеудің орнына абонентті сәйкестендіру тетігін енгізуді ұсынды.
«Өйткені шектеу болған кезде, бес SIM картадан тұратын квотасын басқа біреуге қайта сататын адамдар пайда болуы мүмкін. Сондықтан мемлекет жағынан қажетсіз шектеулер болмас үшін адамдарға идентификация жасап, содан кейін ғана SIM картаны іске қосуды ұсынамыз. Бұл ұсыныс қазір қарастырылып жатыр», — деді Р. Әбдіқалықов.
JQ-Aqparat