Среда, 27 ноября, 2024

Елімізде бір күнде екі бала терезеден құлап кеткен

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі балалардың терезеден құлап кету жағдайы жиілей бастағанын айтып дабыл қағады, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

ТЖМ өкілдерінің айтуынша, терезеден құлау қазіргі уақытта балалардың жарақаттануы мен өлімінің себептерінің бірі саналады. Балаларға ашық терезе алдында болу өте қауіпті. Әдетте, құлаудың барлық жағдайында балалар өздігінен терезе алдына көтеріліп, әр түрлі жиһазды тірек ретінде пайдаланады немесе москит торына сүйеніп, онымен бірге терезеден құлап түседі.

«Мәселен, 29 наурызда сағат 16:40-та Қарағанды облысының Саран қаласында 1А ықшам ауданында 2020 жылы туған қыз бала 4-қабатта орналасқан пәтердің терезесінен құлап кеткен. Қайғылы жағдай болған кезде ұйде үлкен балалар болған. Қазір қыздың жағдайы ауыр.

Ал 29 наурызда сағат 20:26-да 112 құтқару қызметіне Ақтөбе қаласындағы ағайынды Жұбановтар көшесіндегі 5-қабаттағы пәтер терезесінен 2021 жылы туылған қыз баланың құлап кеткені туралы хабарлама келіп түсті», — делінген ТЖМ хабарламасында.

ТЖМ балалардың терезе мен балконнан құлауына жол бермес үшін келесі қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертеді:

кішкентай балаларды қараусыз қалдырмаңыз;
бала терезенің алдына шыға алмауы үшін жиһаздың барлық түрлерін терезенің жанынаң алып тастаңыз;
москит торы тез жыртылып кетеді;
балаға терезені бірнеше сантиметрден артық ашуға мүмкіндік бермейтін арнайы бекіткіштерді қойыңыз;
ашық терезенің жанында болу қаупі туралы балаларға түсіндіріңіз;
егер бекіткіш құрылғы орнату мүмкіндігі болмаса, терезенің тұтқасын алып тастап, оны тек қажет болған жағдайда орнатыңыз.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған