Құрбан айт мерекесіне орай құрбан шалу рәсімдерін өткізу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «QURBAN-2023» жобасы әзірленді, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Қазақстанда Құрбан Айт мерекесін атап өту туралы» тақырыбындағы брифинг барысында «Зекет» қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, «QURBAN-2023» жобасы онлайн және офлайн форматта іске асырылып жатыр. Республика бойынша құрбан шалу рәсімдері онлайн және офлайн форматта да өткізіледі. Ал медреселер мен қайырымдылық мекемелері Құрбан шалу бойынша тапсырыстарды және құрбандық еттерін тек офлайн форматта қабылдайды.
«QURBAN-2023» жобасы аясында онлайн форматта құрбан шалу рәсімдерін өткізу және оны мұқтаждарға тарату үшін осы жылдың16 маусымнан бастап www.qurban2023.kz сайты іске қосылған.
Сайтқа құрбан шалу үшін тапсырыс беруші тиісті өтініш қалдыра алады. Ол үшін сайтқа кіріп, көрсетілген нұсқаулықтарды орындау қажет. Құрбандық шалынғандығы туралы есеп-видео ретінде тапсырыс берушінің Whatsаpp нөміріне жолданатын болады. Сондай-ақ сайтқа мұқтаж жандар да тіркеліп, шалынған құрбандық етін алу үшін онлайн түрде өтініш толтыра алады. Нәтижесінде шалынған құрбандық еттерін еріктілер өтініш қалдырған мұқтаждардың сайтта көрсеткен мекенжайы бойынша жеткізіп беретін болады, — деді Мақсатбек Қайырғалиев.
ҚМДБ «QURBAN2023» жобасы бойынша 20 өкілдік бойынша штаб құрылды.Қазір сол бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.