Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясының ашылуында сөз сөйледі, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Мен бір жыл бұрын, осы ғимаратта халыққа жолдауымды жарияладым. Еліміз үшін аса маңызды сәтте саяси жаңғыру бағдарламасын ұсындым. Бастамаларымыз жұрттың шынайы қолдауына ие болды. Оған былтырғы референдумда айқын көз жеткіздік. Біз тәуекелге бел буып, бірден іске кірістік. Бір жылдың ішінде ауқымды жұмыс атқарылды», — деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Конституциялық реформа арқылы бүкіл жүйені өзгертетін қадамдар жасалғанын айтты.
«Президент жеті жылға бір рет қана сайланатын болды. Сондай-ақ Парламенттің құзыреті мен қызметі қайта қаралды. Депутаттардың рөлі едәуір күшейді. Конституциялық Сот құрылды. Бүкіл сот жүйесіне түбегейлі реформа жасау басталды. Адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты жұмыс жаңаша сипат алды. Азаматтардың саяси өмірге емін-еркін араласуына жол ашылды», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол атағандай, реформаларымыз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасына негізделді.
«Бұл қағида – мемлекетіміздің басты тірегі. Референдумнан кейін Конституцияның жаңа талаптарына сай билік тармақтарын түгел жаңғыртуға кірістік. Халықтың да көптен күткені осы еді. Конституциялық өзгерістерге сәйкес Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті. Референдумды қосқанда бір жылға жуық уақыттың ішінде өте маңызды 5 саяси науқан өткізілді. Оның бәрі аса күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Қаншалықты күрделі болса да, біз еліміз үшін өте қажет жолды қысқа мерзім ішінде жүріп өттік. Қазақстанның жаңарып, жаңғыра бастағанына жұрттың көзі жетті. Кешегі сайлауда партиялармен қатар көптеген азаматымыз бір мандатты округтен өзін-өзі ұсынды. Осылайша, халқымыз маңызды өзгеріске өз үлесін қосуға дайын екенін дәлелдеді. Елімізде жаңа азаматтық, саяси мәдениет қалыптасып жатыр. Мен сайлауға белсене қатысқан барша азаматқа алғыс айтамын», — деді Президент.