Четверг, 28 ноября, 2024

Еліміздің бірқатар өңіріне қарғын су қауіп төндіріп тұр

Бірқатар өңірге қарғын су қауіп төндіріп тұр, — деп хабарлайды ARDA-AKPARAT. 

Сырдария өзенінің бойындағы елді мекендер мен солтүстік аймақтар да қар суынан жапа шегуі әбден мүмкін. Мұны мамандар ғарыштан түсірілген суреттерге сүйеніп айтып отыр. Қарғын су қаупін Ұлттық ғарыш орталығы бақылауға алған. Мұнда күніне екі рет мониторинг жүргізіледі. Осылайша, өңірлердегі қар көлемі анықталады.

Қазақстанды көктен екі ғарыш жүйесі бақылайды. KazEOSat-1 және KazEOSat-2 аппараты жерді аспаннан суретке түсіріп, өңдей алады. Кейін мамандар соған қарап, қай жерде қауіп басым екенін анықтайды. Ғарыш жүйесі әлемнің кез келген елін қарауға кабілетті.

Қазір аппараттар қарғын су қаупі бар аймақтарды ғана кірпік қақпай бақылап отыр. Себебі көктен келген кескіндер қазіргі ахуалды айна қатесіз сипаттап береді.

«KazEOSat-1 жайлы айтатын болсақ, күніне біз оны 6-7 рет көреміз. Сеанс болады бізде. Күндіз 3-4 рет, түнде 3-4 рет. Әрине, дәл ақпарат болады. Қазір жерде қандай өзгерістер болып жатыр. Соның бәрі ақпарат берілген бойда түсіріледі. Бізге «осы жер туралы ақпарат керек» деп Үкіметтен ақпарат түседі. Біздің жұмыскерлер соны ғарыш аппаратының жоспарына жүктейді. Біз оны күн сайын аппаратқа жүктейміз сол жоспар бойынша ол жұмыс істейді», — жетекші инженер Ерлан Қазтуғанов. 

Бұл — ғарыш аппараттарымен жерді бақылайтын орталық. Мұнда қарғын су мен өрттен қауіп төнгенде жұмыс қызады. Қазір олар қай жерде қар еріп жатқанын бақылап отыр. Мамандар оңтүстіктегі өңірлерде жағдай тұрақталып келеді дейді.

Сырдария өзенінің бойында әлі де қауіп толық сейілмеді. Алайда Батыс және Солтүстік Қазақстандағы жағдай одан да күрделі. Бұл өңірлерде қар көлемі шамадас тыс көп.

«Мұнда жерасты сулары және төмен жатқан учаскелерге қауіп төніп тұр. Және Батыс Қазақстан облысы мен Ақтөбе облысындағы шекараларға қауіп төніп тұр. Солтүстік өңірлерде қар кете қойған жоқ. Яғни, ауа температурасының көтерілгеніне байланысты ол жерде де қауіп төнуі мүмкін. Оларды да қарайтын боламыз», — ТЖ мониторингі бөлімінің басшысы Гүлдана Қасымбаева.

Жерді ғарыштан бақылау үздіксіз жалғасады. Ал қар көшкіні мен су тасқынына байланысты мониторинг мамырда аяқталады. Сондай-ақ, сәуір мен қараша аралығында өрт тұтануы мүмкін аймақтар зерделенеді. Бұл кезеңде тиіс ведомствоға ғарыштан келген ақпарат күніне 8 рет жіберіледі.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған