Вторник, 26 ноября, 2024

Еліміздің машина жасау саласына 500 млн доллар тікелей инвестиция тартылды

Премьер-министр Әлихан Смайылов осы күндері Астана қаласында өтіп жатқан «ИННОПРОМ. Қазақстан» халықаралық көрмесі аясында «Жаңа кезеңнің өнеркәсіптік стратегиялары» бас пленарлық сессиясында сөз сөйледі, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Сондай-ақ шараға Беларусь премьер-министрі Роман Головченко, Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров және Ресейдің Үкімет басшысы Михаил Мишустин қатысты.

Әлихан Смайылов өз сөзінде Қазақстанның қуатты өнеркәсіптік негізін қалыптастырып, толыққанды экономиканы қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс аясында Үкімет өңдеуші секторды жедел дамытуға баса назар аударатынын атап өтті.

Соңғы 5 жылда өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 2,2 есе, ал саланың жалпы қосылған құнының көлемі 2,3 есе өсті.

Ал еңбек өнімділігі $49 мыңға дейін өсті, бұл экономика бойынша орташа көрсеткіштен 2 есе артық.

Машина жасау саласы қарқынды дамып келе жатыр. Мәселен, 2022 жылы салаға рекордтық $0,5 млрд тікелей инвестиция тартылды. Осы жылдың 1-тоқсанында тікелей инвестициялар көлемі $208 млн-нан асты.

Әлихан Смайылов атап өткендей, қолдау құралдарының кең жиынтығы 200 млрд теңгеден астам сомаға инвестициялық жобаларды қаржыландырған Өнеркәсіпті дамыту қорын құрумен күшейтілді. Бұған қоса жалпы құны 150 млрд теңге болатын жобалар бойынша жұмыс жүріп жатыр.

Қазіргі уақытта пулда тау-кен металлургия кешені, машина жасау, мұнай-газ химиясы, химия, фармацевтика өнеркәсібі және басқа да салалар бойынша 1 мыңнан астам жоба бар. Бұл ретте ынтымақтастықтың негізгі басымдықтары терең өңдеу, барынша локализациялау, жаңа өнімдер өндіру және экспорттық әлеует болып айқындалды, — деді премьер-министр.

Үкімет басшысы тағы бір жаһандық тренд цифрлық трансформация екенін, оны ЕАЭО елдерінің кооперациясы үшін басым бағыт ретінде қарастыру қажеттігін айтты.

Бүгінде Қазақстанда FinTech және GovTech сияқты бағыттарда ауқымды жобалар іске асырылды. Біз цифрлық шешімдердің күнделікті өмірге енуінің жоғары деңгейіне жеттік. Ендігі біздің міндетіміз – нақты секторда да осындай деңгейге жету. Мұнда қазірдің өзінде «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қоры, «Астана Хаб» IT-технопаркі және жоғары оқу орындары жанындағы зерттеу орталықтары белсенді түрде жұмылдырылды, — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, алға қойылған мақсаттарға қол жеткізудің маңызды факторы – кадрлармен қамтамасыз ету. Осыған байланысты республикада жақын және алыс шет елдердің жетекші технологиялық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Бұл инновациялық жобаларды басқару және кәсіби жағынан даму бойынша жаңа көзқарастағы мамандарды, болашақ инженерлерді даярлауға мүмкіндік береді, — деді премьер-министр.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған