Елордадағы қалалық автобус жүргізушісінің жол бойында денсаулығы күрт нашарлап, кейіннен ол ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
City Transportation Systems көлік компаниясының мәліметінше, бұл жағдай бүгін сағат 10:20-да Бөгенбай батыр даңғылы бойындағы «Бейбітшілік» аялдамасы маңында болған.
«1961 жылғы жүргізуші өз бағдарымен келе жатқанда есінен танған. Соның салдарынан автобус қоршау мен жарықтандыру бағанына соғылып, одан кейін жаяу жүргіншілерге арналған жолаққа шығып кеткен. Жүргізуші шұғыл түрде ауруханаға жеткізілгенімен, есін жимастан көз жұмды. Алдын ала мәлімет бойынша оның жүрегі тоқтап қалған», — делінген аталған компания таратқан ақпаратта.
Ол жолаушылар көлігінде жүргізуші ретінде 15 жылдан астам уақыт бойы қызмет еткен. Рейске шығар алдында таңертең сағат 5:54-те медициналық тексеруден өткен. Оқиға салдарынан басқа адамдар зардап шекпеген.