Елордадағы құтқарушылар саябағында құтқарушылар мемориалына гүл шоқтарын қою салтанатты рәсімі өтті, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Ең алдымен баршаңызды 1 наурыз – Алғыс айту күнімен шын жүректен құтықтаймын! Бүгін ауданымыздағы «Құтқарушылар» алаңына жиналуымыздың себебі – ел игілігі жолында кәсіби міндетін бұлжытпай орындап, қызмет бабында қайсарлық пен өжеттік көрсетіп келе жатқан құтқару саласының қызметкерлеріне Алғыс айтып, жанқияр ерліктеріне құрмет көрсету. Қызмет барысында жан тапсырған майталмандарымыздың рухына тағзым ету», — деді іс-шара барысында Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Жаулыбаев.
Оның атап өтуінше, адам өмірін түрлі апаттар мен қауіп-қатерлерден сақтауда, төтенше оқиғаның алдын алуда аянбай еңбек етіп, қырағылық танытып жүрген батыр азаматтарға халықтың айтар алғысы мен ризашылығы қашан да зор. Төтенше жағдайға тосқауыл қойып, тұрғындар өмірін құтқаруда ерен еңбек сіңіріп жүрген әр қызметкердің жұмысы – ерлікпен пара-пар.
«Еліміздегі соңғы жылдары орын алған табиғи апаттарда әр өңірде қызмет атқаратын Төтенше жағдайлар қызметкерлері бір жұдырық болып жұмылып, өздерінің міндеттерін айқын ерлікпен атқарғанына баршамыз куәміз. Шын мәнінде, бұл – нағыз ержүрек азаматтардың қызметі. Басқа адамдардың өміріне араша түсіп, қаза тапқан құтқарушылар аз емес. Олардың қатарында елордалық Асқар Забикулин де бар. «Ер есімі – ел есінде». Батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмауға тиіс. Бұдан бөлек, жақында Түркияда жойқын жер сілкінісі болғанын білесіздер. Бауырлас Түркия еліне елімізден құтқарушылар және дәрігерлер жіберілді. Біздің құтқарушылар бірнеше адамды аман алып шықты. Түркияда күндіз-түні қызмет еткен азаматтарымызға Алғыс айтамыз! Сіздердің бейбіт күндегі батырлықтарыңыз жас ұрпақты елжандылық пен батылдыққа тәрбиелеп, жауынгерлік рух, патриоттық сезімдерін қалыптастырады», — деді ол.
Ал жедел құтқару отрядының бас құтқарушысы Жанат Қаймерденов ұжымында өз ісіне нағыз берілген адамдардың жұмыс істейтіндігін баса айтты.
«Бұл біздің жұмысымыз әрі мамандықты өзіміз таңдадық. Кез келген адам бұл жұмысқа келе бермейді. Әрине, біреулердің көңілнен жалақы көлемі шықпайды, енді бірі психологиялық тұрғыда шыдай алмайды. Көпшілігіміз құлшыныспен жұмыс істейміз. Өйткені, адам өмірін ешқандай ақшамен өлшенбейді», — деді Жанат Қаймерденов БАӨ өкілдеріне берген сұхбатында.