Четверг, 28 ноября, 2024

Елорданың 1 трлн теңгеден астам бюджеті қайда жұмсалады

Елорданың 2023 жылға арналған түзетілген және нақтыланған бюджетінің жалпы көлемі 1 трлн 120 млрд 955 млн теңге болды. Бұл туралы Астананың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Манқараев айтты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Нақты түсімдер талдауына сәйкес, жеке кірістер бойынша жоспарды 71,5 млрд теңгеге дейін ұлғайту ұсынылып отыр. Оның ішінде салықтық түсімдер бойынша 60 млрд теңгеге, салықтық емес түсімдер бойынша 9,5 млрд теңгеге арттыру ұсынылды.

«Шығыстарға келсек, біріншіден мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындаудың басымдылығын негізге ала отырып, әлеуметтік саланы қаржыландыру мәселелері ерекше тәртіппен қаралады. Мәселен, әлеуметтік салаға шамамен 17,4 млрд теңге бағытталған. Бұл медициналық әлеуметтік мекемелерде қарттар мен мүгедектігі бар жандар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге, жеке көмекші қызметтеріне ақы төлеуге, мүгедек балаларды тасымалдауға арналған инвотакси санының ұлғаюына байланысты. Денсаулық сақтау саласында – тұмауға және А гепатитіне қарсы вакциналарды сатып алуға, қалалық емханаларды күрделі жөндеуге, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қамтамасыз етуге, білім беру саласында – оқу процесіне сәйкес, кітаптарды жыл сайын жаңартуға, жаңа орындарға балабақшаларды жан басына қаржыландыруға, колледждерді жарақтандыруға және балабақшалардағы турникеттерді жарақтандыруға байланысты», — деп түсіндірді Қайсар Манқараев бүгінгі мәслихат отырысында.

Екіншіден, қаражаттың едәуір көлемі тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету инфрақұрылымын нығайтуға, жол-көлік желісін ұстауға және дамытуға бағытталады. Қала көшелерінің құрылысын бастау және жалғастыру, орташа жөндеу, қоғамдық көлік тасымалдаушыларының шығындарын субсидиялау, бағдаршам объектілерінің құрылысын жалғастыру, нөсер кәрізін күтіп-ұстау, тазарту, коммуналдық тұрғын үй қорының тұрғын үй жобалау мен салу, рнеконструкциялау, қаланы көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары жалғасады.

Сондай-ақ, жаңадан құрылған Нұра ауданы әкімі аппараты қызметін қамтамасыз етуге қаражат қарастырылған.

«Үшіншіден, қаржыландыру қаланы дамыту үшін қажетті жекелеген іс-шараларға да көзделген. Қалалық мониторинг және жедел ден қою орталығы қызметкерлеріне еңбекақы төлеуге, инновациялық қызметті дамытуды қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерге арнайы техника сатып алуға, жер учаскелерін сатып алуға, 16 көппәтерлі тұрғын үй кешенінде күрделі жөндеу өткізуге, 5 көппәтерлі ТК 10 лифтін ауыстыруға қаржы бағытталған. Осылайша, енгізілген өзгерістерді ескере отырып, Астана қаласының 2023 жылға арналған түзетілген және нақтыланған бюджетінің жалпы көлемі 1 трлн 120 млрд 955 млн теңге болады. Оның ішінде жеке кірістер бойынша түсімдер 635 млрд 242 млн теңгеге тең», — деді Қ. Манқараев.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған