Кәсіпорындардағы оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында былтыр 2 450 тексеру жүргізіліп, қауіпсіздік талаптарын сақтамаған 34 617 дерек анықталды. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нығмеджан Мақажанов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Бақылау-қадағалау қызметі аясында авариялар мен оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында 2022 жылы 2 450 тексеру жүргізілді. Оның ішінде ерекше тәртіп бойынша 1 355 тексеру және 1 095 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 38 277 нысан тексерілді. Тексеру қорытындысы бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзудың 34 617 дерегі анықталды. 254 млн теңгеден астам сомаға 1 708 әкімшілік айыппұл салынды», — деп тоқталды комитет төрағасы.
Нығмеджан Мақажановтың айтуынша, қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзғаны үшін 733 кәсіпорынның жұмысы тоқтатылған.
Брифингі барысында комитет басшысы өткен жылы ел кәсіпорындарында 28 авария болып, салдарынан 15 адам көз жұмғанын мәлімдеді.