Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбында өтіп жатқан тамыз кеңесінде айтты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Биылдан бастап тәрбие жұмысының рөлін күшейтуге көп көңіл бөліп жатырмыз. Сол себепті бұл жұмыста біз үшін ата-аналардың, яғни «Ата-ана-Мектеп-Бала» қолдауы өте маңызды. Осыған байланысты жаңа оқу жылынан бастап барлық білім беру ұйымында Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы (Ата-аналар академиясы) жұмысын бастайды, — деді министр.
Бұл жұмыстардың басты мақсаты — балаларды оқыту мен тәрбиелеуде отбасы мен мектептің өзара іс-қимылы бойынша жұмысты күшейту және ата-аналардың позитивті мәдениетін дамыту.
Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы білім беру саласына қатысты бірқатар негізгі міндетті атады. Атап айтқанда, патриотизмді, білімпаздықты, нағыз маман болуды, үнемшілдікті, еңбекқорлықты қалыптастыру. «Ұлттық тәрбие – ел болашағы» тәрбиесінің тұжырымдамалық негіздері енгізіліп жатыр. Жаңа оқу жылынан бастап 2023-2025 жылдарға арналған Біртұтас тәрбие бағдарламасы іске асырыла бастайды. Бұл құжат жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталған. Биыл алғаш рет мектептегі тәрбие бағдарламасына қорғаныс, ішкі істер, төтенше жағдайлар министрліктерінің оқу дәрістері енгізіледі, — деп айтты Ғани Бейсембаев тамыз кеңесінде.
Яғни күштік құрылымдардың қызметкерлері өз тәжірибелерін бөліседі.