Четверг, 28 ноября, 2024

Ерлан Қошанов: Журналистерге сұхбат беріп, пікір білдіру – депутаттардың басты міндеттерінің бірі

Өзекті мәселелер бойынша пікір білдіру — депутаттардың басты міндеттерінің бірі. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында палата төрағасы Ерлан Қошанов айтты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

«Ашықтық ұстанымы Мәжіліс жұмысындағы негізгі басымдық болып қала береді. Біз осы бағыттан айнымаймыз. Бүгінгі жалпы отырыстың өзі республикалық телеарналардан тікелей эфирде көрсетіліп отыр. Президент те бұл тәжірибенің тиімділігі туралы баса айтқанын білесіздер. Мәжіліске ашық әрі жария түрде қызмет етуге барлық жағдай жасалған. Журналистерге сұхбат беріп, өзекті мәселелер бойынша пікір білдіріп отыру — депутаттардың басты міндеттерінің бірі», — деді Мәжіліс төрағасы.

Мұнан бөлек, ол заңдарды талқылауға қоғам өкілдері мен тәуелсіз сарапшыларды шақыру да өте маңызды екенін атап өтті.

«Әсіресе, мәслихат пен қоғамдық кеңестер арқылы Мәжілісте өңірлердің де үні естіліп жатуы тиіс. Сонымен бірге қоғамдық палата да көп ұзамай жұмысын бастайды. Ол қызу пікірталас алаңына айналатыны сөзсіз. Ел болашағына бейжай қарамайтын барлық азаматқа, қоғамдық ұйымдарға біздің есігіміз айқара ашық. Нағыз халықтық Парламент дегеніміз, менің ойымша осы. Осының бәрі елімізде Парламентте жаңа саяси дәстүр, жаңа саяси мәдениет қалыптасқанын көрсетеді. Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр», — деді Ерлан Қошанов.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған