Четверг, 28 ноября, 2024

Фотограф жас жұбайларды қоқыс ортасында фотоға түсіру арқылы экомәдениетті қалыптастыруға шақырды

Маңғыстаулық фотограф Нұркен Салиев қоқыс ортасында той киімін киген жастарды суретке түсірген. Осылайша ол қоқысқа толы қоғамда тойдың қалай өтетінін көрсетуге тырысқан, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Идея авторы — ағайынды Нұрбол Сали мен Нұркен Салиев.

Айтуынша, адамдар пластикалық қаптаманы қысқартып, қайта өңдеуді ойламаса, 2050 жылы өміріміз, тіпті тойымыз да қоқыс ортасында өтеді.

«Қазіргі таңда экологиялық проблема тек бір ауыл, қала, елде емес, тұтас жер ғаламшарындағы өте өзекті мәселе. Жаһандық даму бәрімізге ПЭТ ыдыстар, полиэтилен пакетттер секілді өмірімізді жеңілдететін заттарды қолдануға мүмкіндік берді. Алайда таяқтың екінші ұшы өзімізге тиіп жатыр. Сондықтан айналаны тазалап, өзімізден қалған қоқыстарды жинауымыз қажет. Экомәдениетті қалыптастыру — үкіметтің ғана жұмысы емес, бәрімізге ортақ іс», — дейді фотограф Нұрбол Сали.

Айта кетсек, Нұркен Салиев мамандығы бойынша эколог, Қазақстандағы экология департаментінде жұмыс істеген, қазір экокәсіпкер ретінде қалдықтарды жинап, сұрыптайды.

Ал Нұрбол Салиев — кәсіби фотограф.

Ағайындылар осы фотосессия көпті жаһандық қалдықтар мәселесі жайында ойландырады деп үміттенеді.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған