Вторник, 26 ноября, 2024

Фристайлдан әлем кубогының финалдық кезеңі «Шымбұлақта» өтеді

17-19 наурыз күндері могул және шаңғы акробатикасы бойынша әлем кубогінің финалдық кезеңі «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортында өтеді, деп хабарлайды Arda-ақпарат.

Алматыдағы Әлем кубогі кезеңіне дайындық жұмыстарының қалай өтіп жатқанын «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортының коммерциялық директоры Владислав Семенов түсіндірді.

«Финал Алматыда өтеді. Мықтылардың бәрі осында бас қосады. Медальдар ойнатылып, алтын глобус табысталады. Біздің команданың фристайлдан өте мықты екенін білесіздер, спортшыларымыз жүлделі орындарға ие болады деп үміттенеміз»,- дейді ол.

«Шымбұлақ» тау шаңғысы курортының директоры Ринат Әбдірахмановтың сөзінше могул жарысы жаңа трассада өтеді.

«Осы жазда біз көп жұмыс атқардық. 3 шақырымнан астам жолға жасанды қар жүйесін қосып, жолды ұзарттық. Желтоқсан айында біз «Сухой Лог» трассасын іске қосуды жоспарлап отырмыз, онда осы маусымда параллельді және жеке могул бойынша Әлем кубогының финалдық кезеңі өтеді, бұл бізге ұлттық құрама үшін Артеменко трассасын ашуға мүмкіндік береді. Қазір біз әртүрлі елдердің құрамаларымен алтыдан астам кездесу өткіздік, олар 11 желтоқсаннан бастап бізде, оқу-жаттығу жиындарын өткізе бастайды», — деді ол.

Айтуынша, трассаны жарысқа дайындау қаңтар айында басталады.
«Қазіргі уақытта 2023 жылдың желтоқсанында шаңғы акробатикасынан әлем кубогының бірінші кезеңін өткізуге қатысты FIS-пен келіссөздер жүргізіліп жатыр»,- деді Ринат Әбдірахманов.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған