“Ауыл” партиясының депутаты Серік Егізбаев елімізде болмашы ақшаға Ресей жалға алып отырған әскери полигон жерлерінің бір бөлігін шаруаларға қайтаруды ұсынды. Сауалын мәжілісмен Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жолдаған, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Серік Егізбаев депутаттық сауалында Ресей еліміздегі бірқатар жерді әскери мақсатта пайдалану үшін болмашы ақшаға жалға алып отырғанын айтты. Әрі сол жерлердің бір бөлігін өз шаруаларымызға қайтару керек деп отыр. Өйткені республикамыздағы қай өңірді алсаңыз да тіршілік істеймін деген шаруаларға жер жетпейді. Сондықтан ол Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Ұлытау және Қарағанды облыстарындағы әскери полигондарды мақсатты түрде пайдалануды ұсынған.
“1995 жылдан бері Ресей Қазақстанның 8,5 миллион гектар жерін әскери полигон есебінде пайдаланып отыр. Ол үшін әр гектарына 1050 теңге мөлшерінде болмашы ғана ақша төлейді. Сонда бұл тұста Ресей ол жерлерді қай кезеңге дейін пайдаланады, нақты жалға алу мерзімі аяқталатын күн бар ма, жерді кімдер бағалаған деген сұрақ туындайтыны анық. Біздің білуімізше келесі жалға алу процесін қарау 2030 жылға жоспарланған. Осы орайда «Ауыл» партиясының фракциясы Үкіметке биыл халықтың ауыл шаруашылығы қызметі мүддесі үшін сынақ полигондарының жер учаскелерін азайту жөніндегі келіссөздерді дереу бастау туралы ұсыныс енгізеді. Мәселен, 2019 жылы БҚО әкімдігі Сыртқы істер, қорғаныс, ауыл шаруашылығы министрліктеріне Ресей жалға алып отырған әскери полигондардан 1,1 миллион гектар жерді қысқарту бойынша пысықталған ұсыныс енгізді. Қорғаныс министрлігі Жол картасын әзірледі, оны премьер-министрдің орынбасары және сыртқы істер министрі бекітті», – дейді Серік Егізбаев.
Сондай-ақ мәжілісмен жерді кейіннен қалпына келтіру қажеттілігін ескере отырып, полигондарды жалдау ақысының мөлшерлемесін көтеруді, сондай-ақ 2030 жылы әскери полигондарға жерді жалға беруді ұзарту немесе тоқтату туралы Үкіметтің ұстанымын анықтауды ұсынды.