Среда, 27 ноября, 2024

Гүлмира Сатыбалды 7 жылға сотталды

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша 7 жылға сотталды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Бүгін Астана қаласы Байқоңыр аудандық нөмірі екінші соты осындай үкім шығарды.

Мемлекеттік айыптаушы прокурор Азамат Сәрмембаев бұның алдындағы сот отырысында Гүлмира Сатыбалдыны ҚР Қылмыстық кодекстің 389-бабының 4-бөлігі, 28-бабының 3-бөлігі және 125-бабының 2-бөлігінің 1 және 8-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп тануды, оның мүлкін тәркілеусіз 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Сот осы үкімдердің бәрі бойынша жаза берді.

Айта кетерлігі, Гүлмира Сатыбалды сотта сұрақ-жауап алу кезінде өз кінәсін ішінара мойындайтынын мәлімдеген болатын.

Ол бұған дейін Айгүл Мекешевамен «Galanz Bottlers» және «Maxi Bottlers» компаниялары акцияларындағы жәбірленушінің үлесін өткізіп беру туралы медиативтік келісім жасасқан еді.

Еске салайық, Гүлмира Сатыбалды 2022 жылы 16 наурызда ұсталып, елорданың уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Гүлмира Сатыбалдыға қатысты кәсіпорындардың акцияларын заңсыз иемдену, оның ішінде ұрлау фактілері бойынша екі фактіге қатысты тергеуді аяқтады. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 6,6 миллиард теңгеден асады. Өткен жылдың 15 желтоқсанында қылмыстық іс айыптау актісімен бірге күдіктілерді сотқа тарту мәселесін шешу үшін прокуратураға жіберілген еді.

Гүлмира Сатыбалды бақылайтын «Ария-Жаңа Астана» ЖШС басшылығы мен мемлекеттік қызметкерлер де нысандар құрылысына бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Тергеу сатысында мемлекетке келтірілген шығын толығымен өтелді.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған