«Заңда рақымшылық жасауды қолдану шарттары, тәртібі және ол қаңдай адамдарға қолданылмайтыны туралы нақты нормалар белгіленген. Бұл заңды тәртіп бұзуға жол берген адамдарға қатысты қоғам мен мемлекет тарапынан жасалған гуманизм қадамы деп қабылдаймыз. Бұдан былай осындай қайғылы оқиғалар елімізде ешқашан қайталанбайды деп сенеміз».
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасына қатысты пікірінде осылай деді. Кеше Сенаттың жалпы отырысында «Рақымшылық жасау туралы» заң қабылданды. Бұл заң жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы ізгілік идеясының негізінде игі ниеттілік танытып, қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жасау туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді.
Сенатор Ләззат Сүлейменнің айтуынша, ұсынып отырған заң жобасы қаңтар оқиғасы кезінде жасалған қылмыстар бойынша жауапқа тартылатын адамдарға мемлекет пен қоғам тарапынан гуманизм мен мейірімділік актісі болып отыр. «Тергеу органдары қаңтар оқиғасы кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған 1600-ге жуық адамды анықтап, оларды жауапқа тартты. Оның ішінде 1 112 адамға сот үкімі шығарылды. Басқаларының істері тергеу сатысында. Рақымшылық сотта да, тергеуде де қолданылады», – деді ол.