Есірткі таратушылар арасында Телеграм мессенджері танымал. Бұл туралы Мәжілісте есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл тақырыбындағы Үкімет сағатында Ішкі істер министрі Ержан Саденов айтты.
«Қазір есірткі қылмыстары толығымен кибер-кеңістікке қарай өтті. Бұл ретте «крипто-кошелек», «мессенджер» және басқа да инновациялар пайдаланылып келеді. Күресу тәсілдері де үнемі жаңарып отырады. «Киберқадағалау» жүйесі арқылы анықталған есірткі сайттары бұғатталады. Тыйым салынған контентті автоматты түрде іздеу арнайы бағдарламамен қамтамасыз етіледі. Есірткі таратушылар арасында «Телеграм» мессенджері танымал. Есірткі таратушылар бір-бірін танымайды, барлық байланыс түрлері «боттар» арқылы жүргізіледі. Бұл тұрғыда бізге кибер-волонтёрлер және басқа да белсенді азаматтар көмектесіп жатыр», — деді Е. Саденов.
Оның айтуынша, Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшелерімен болған отырыста осы жұмысқа жасанды интеллектті қосу бастамасы ұсынылды. Осыны пысықтау үшін Кеңестің ұсынысы бойынша Ішкі істер министрлігінің есірткіге қарсы штабына IT-мамандар қосылатын болады.
«Жыл басынан бері чаттар, арналар, сайттар секілді 6 мыңнан астам ақпараттандыру объектілері әрекеттерінің жолы кесілді. «Телеграмда» 1,3 мың интернет-дүкен жабылды. Хабарландыру сайттарындағы «жасырын» есірткі жарнамасы тағы бір өзекті мәселеге айналды. Біз осы контентті барынша жоюға тырысып келеміз, уәкілетті органдар бұл жұмысты жүйелі түрде жүргізуі тиіс. Есірткі қылмыстарын қаржыландырумен күресу саласында бірқатар нәтиже бар. 2020 жылдан бері электрондық ақшаның анонимді иелері арасында аударымдар жасауға тыйым салынып келеді. интернетті толық жауып, адамдардың электронды ақша аударымдарын шектеу мүмкін емес екенін түсінеміз. Осы бағытта нақты шаралар қабылданды. 2020 жылы интернет арқылы есірткі таратқаны үшін жаза күшейтілді. Есірткіні жарнамалағаны және насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді», — деді министр.
ARDA-Aqparat