Каспий теңізінде мемлекеттік табиғи резерват құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты, деп хабарлайды Arda-ақпарат.
«Каспий итбалықтарының популяциясын сақтау маңызды мәселе. Президенттің тапсырмасына сәйкес Каспий теңізінде мемлекеттік табиғи резерват құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда табиғи-ғылыми негіздеме әзірленуде. Оны келесі жылдың қаңтарында алуды және одан әрі техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуге кірісуді жоспарлап отырмыз», — деді министр Балық саласын дамыту бағдарламасының биылғы қорытындысын баяндай келе.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының балық шаруашылығы мәселелері жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін және жаңа облыстардың құрылуына байланысты Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасына түзетулер енгізу керек.
«Сонымен қатар су тапшылығы мен әлемдік нарықтардағы ахуал бойынша ағымдағы жағдайды ескере отырып, индикаторларды өзектендіру қажет. Бұл жұмысты бизнес және ғылым өкілдерімен бірлесіп жүргіземіз. Мемлекеттік органдармен келісілгеннен кейін Үкімет қаулысының тиісті жобасы келесі жылдың екінші тоқсанында енгізілетін болады», — деді ол